Облыс әкімдерінің ауыс-түйісі басталғалы тұр

0 8 991

 

Дәл қазір елге қызық – ақпарат облыс әкімдерінің ауыс-түйісі. Әркім өзінше болжам жасап, білгенін айтып жүр. Күні кеше ғана әлеуметтік желіде Ербол Мәндібек есімді журналист еліміздегі облыс әкімдерінің ауыс-түйістері  жайында жазба қалдырып, көпшіліктің талқысына салып кеп жіберді.

«Қостанай облысының су жаңа әкімі Марат Жүндібаев болады, бұйырса. ҚР Президентінің жарлығымен Архимед Мұхамбетов алдағы апта қызметтен босатылады. Сөйтіп, Архимед Мұхамбетов ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың орнын алмастырады. 100 % нақтыланған ақпарат.

Айта кетейін, Архимед Мұхамбетов Марат Жүндібаевтың кандидатурасын Президент Тоқаевқа өзі ұсынды» — делінген жазбада. Әлеуметтік желі қолданушысының бұл болжамын  оқырмандары барынша қызу талқылады. Ербол Мәндібектің «тағайындауына» біреу сенсе, енді бірлері билікке келетін атқамінерлердің кемшілігін теріп, арқа-жондарына біраз аяз жүгіртті.

Иә, бұл тек болжам ғана. Жоғары жақтың қалай шешім қабылдап, қандай жүріске баратыны бізге беймәлім. Дегенмен, күні кеше оңтүстік жақтан да ауыс-түйіс жайлы сыбыс желдей есті. Оған себеп – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға сапары. Тұңғыш Президент киелі мекендегі құрылыс жұмыстарын көріп, көңілі марқайыпты. Тіпті, «Ер Түріктің бесігі» атанған өлке бас қаламыз Астанадан да қарқынды дамып келеді екен. Осындай ілкімді жұмысымен көзге түсіп, елдің елеулісі атанған Өмірзақ Шөкеев жақын күндері Алматы қаласына әкім болып барады деген әңгіме шықты. Ал мегаполистің «қожасы» Сағынтаев туған жері Жамбылға оралады-мыс. Киелі Әулиеата өңірінің тізгінін ұстап отырған  Бердібек Сапарбаев осымен құрметті демалысына кететін көрінеді.

Енді алып-қашпа әңгімелердің арасында ең қызығы «Шөкеевтің орнына кім келеді?» деген сауал.  Білгіштердің «құмалағы» Түркістанға бірінші кандидат ретінде елорданың әкімі Алтай Көлгіновтің атын атауда. Алтай Сейдірұлы киелі өңір үшін бөтен емес. Ол – осы өңірдің тумасы. Сондықтан, болжамның жаны бар сияқты… Дегенмен, бас қаланың әкімі бұл «бәйгеде» жалғыз емес сияқты. Түркістан үшін болатын «аламанда» бәйгеге қосылған жүйріктердің арасында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі, экс-сенатор Дархан Сатыбалды да бар. Бұл азамат та оңтүстіктің суығына тоңып, ыстығына күйген тәжірбиелі маман. Одан кейін қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Шөкеевтің ең сенімді кадрларының бірі Арман Жетпісбаев «бастығының» орнын басады деген де сыбыстың үні әр жерден әлсін-әлсін шығады.

Әрине, мұның бәрі әлеуметтік желідегі «белсенділердің» алып-қашпа  әңгімесі. Бұл долбарлардың қаншалықты шындыққа айналарын бір Аллаға, одан кейін Мемлекет басшысына ғана аян. Дегенмен, қазақта «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген жақсы сөз бар емес пе? Иә, шөптің басы өздігінен қимылдамайды… 

Leave A Reply

Your email address will not be published.