Nur Otan»-ның қатарына кәсіпкерлер мен шаруалар көптеп тартылады

0 343

ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясында жасаған баяндамасында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов өңірдегі партия мүшелерінің сандық-құрамын тілге тиек етіп, оны түрлі сала өкілдерінен жасақтау бағытында қолға алынған жұмыстың бағытына тоқталды.


– Соңғы екі жылда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, облыста партия қатары 5103 адаммен толығып, бүгінгі күні 54340 партия мүшесін құрап отыр.
Дегенмен партия мүшелерінің сала бойынша үлес салмағына әлі де жете мән беруіміз керек. Мәселен облыс бойынша партия мүшелерінің 55 пайызын әлеуметтік саланың өкілдері құраса, 22,7 пайызы экономика мен қызмет көрсету секторында қызмет етеді.

Ал шағын және орта бизнестің өкілдері небәрі 2,6 пайыз болса, ауылшаруашылығы саласы өкілдері 1,6 пайыз, өнеркәсіп саласы 5,2 пайызға тең. Партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің аграрлық-кәсіпкерлік әлеуетін ескере отырып, аталған салаларда еңбек ететіндерді партия қатарына көптеп тартуды тапсырды.

Партия қатарының сапалық құрамы бойынша нақты жұмыстар жүргізу — аумақтық партия филиалдары мен бастауыш ұйымдарының ішкі партиялық жұмыстарының негізгі бағытына айналады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Мұнан бөлек баяндамада филиалдың Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары жайында кеңінен сөз болды. Партияның сан салалы жұмысы пандемияға қарамастан өз деңгейінде жүргізілді. «Nur Otan» еліміздегі саяси партиялардың арасында алғашқылардың бірі болып, партияішілік іріктеу өткізді.

Халық алдында абырой-беделге ие жандарға жаңа мүмкіндік берген праймериз партияның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауындағы жеңісінің басты кепіліне айналды.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде өткен конференция жұмысына 70 делегат сайланса, оның басым көпшілігі шараға ZOOM платформасы арқылы қатысты.
Конференцияның күнтәртібіне филиалдың Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары есебімен бірге «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңесін сайлау, Бақылау-тексеру комиссиясын сайлау туралы мәселелер қойылды.

Конференция жұмысын қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев филиал жұмысын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерге назар аударды.

– Партия жұмысы оның сайлаушыларға сайлауалдында берген уәделерінің үдесінен шығу қабілетімен өлшенеді. Бұл орайда өңірдегі партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасының әрбір тармағына жауаптылар айқындалып, қаржылық ресурстар пысықталды. Ендігі кезекте партия тарапынан бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жасалғаны жөн.

Партия облыстық филиалдары жанындағы Саяси Бюро, фракция отырыстарында Жол картасының іске асырылу барысы туралы тиісті мекеме басшыларының, фракция жетекшілерінің есептерін тыңдау тәжірибесі енгізу қажет. Сонымен қатарыпартия филиалдары жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің негізгі жұмыс бағыты да сайлауалды бағдарламаларын іске асыруды қоғамдық саяси бақылауға бағытталады,– деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ партия облыстық филиалының төрағасы жауаптыларды жергілікті филиалдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру, партия мүшелерінің жауапкершілігін арттыру, «Jas Otan» Жастар Қанатының «Жас Ұлан», «Жас Қыран» сынды ұйымдармен байланысын нығайту мәселелеріне де назар аударуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.