Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру

0 77

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асырудың іс-қимыл алгоритимі әзірленіп, осы мақсатта апта басында мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен тұратын үш топ ауданымызда жұмыстар атқарғаны белгілі.
Үш күнге жоспарланған іс-шаралар екі күнде аяқталып, аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтың модераторлығымен қорытынды жиын өткізіліп, онда атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғалды. Нұржан Молдиярұлы жоба аясындағы жүзден астам іс-шаралар өткізіліп, нәтижесінде бірқатар мәселелерді анықтауға, олардың шешу жолдарын қарастыруға, қосымша әлеуметтік-құқықтық кеңестер алуға, медициналық көмектер көрсетуге мүмкіндіктер бергенін атап өтті.
Алдымен «Этнос және конфессияаралық келісім» тобының жетекшісі, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов Жамбыл облысында жинақты тұратын жерлерде этносаралық келісімді нығайту және этно әлеуметтік жанжалды болдырмау мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы өз жұмысын бастағанын айтты. Ағымдағы жылғы 1-27 наурызы аралығында облыстық жұмысшы топтардың өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан Меркі, Шу, Байзақ аудандарындағы жұмыстары облыс әкімі бекіткен кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Барлық карантиндік шараларды сақтай отырып, осы аталған үш ауданда 227 іс-шара өткізіліп, оған 5 371 адам қамтылса, 481 адамға әдістемелік – консультациялық көмектер көрсетілген. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Ақпараттық агенттіктерде 22 материал, баспа басылымдарында 6 мақала, телеарналарда 4 сюжет көрсетіліп, әлеуметтік желілерде жүзге жуық посттар мен анонстар жарияланған.
— Аталмыш жоба аясындағы жұмыстардың қорытындысы үстіміздегі жылдың 27 наурызында облыс әкімдігінде қаралатын болады. Сол жерде әр топ жетекшілері өз есептерін ұсынады. Жобаның ең негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылса, әлеуметтік саяси ахуал содан кейін оңалады, — деді Бейқұт Тілебалдыұлы.
Бұдан соң бірінші топ жетекшісі, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев, топ мүшелері Парида Мамедова, Нұржан Жолдасбеков спорттық, мәдени іс-шаралар, әдістемелік көмек, этносаралық келісім құндылықтарын насихаттау, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу, халықтың діни сауаттылығын арттыру, діни ахуалды тұтастай алғанда оны жақсарту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, жергілікті дін қызметкерлерінің жұмысын бағалау шаралары бойынша есеп берді.
Содан соң «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының жетекшісі, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков екі күн ішінде 112 іс-шара ұйымдастырылғанын, оған 4 мыңнан астам адам қамтылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 20 кездесу, 30 қоғамдық қабылдау, 41 үгіт-насихат түсіндіру жұмыстары, 6 отырыс, 3 семинар-тренинг, 5 зерделеу жұмыстары және басқа да 6 шаралар атқарылған. 255 аудан тұрғыны жеке қабылдауда болса, олардың 228-нің көтерген мәселелері өз шешімін тапқан. Ал, 27 тұрғынның мәселелері тиісті құзырлы орган бақылауына алынған. Азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау, үйме-үй жүру, әлеуметтік желілер мен азаматтардың жергілікті атқарушы органдарға өтініштерін бақылау, медициналық көмек көрсету, далалық жәрмеңкелер, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, әлеуметтік мәселелер анықталған кезде тұрғындар оларды нақты шешу үшін шаралар қабылдау, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, құжаттарды алуға көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту  бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы ақпараттандыру, бизнес-жобаларды жүзеге асыруда кеңестік және практикалық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, оның ішінде бизнес-тренингтер өткізу және тағы да басқа шаралар ұйымдастырылған.
— Біздің топ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту бағытында болғандықтан негізінен түпкі нәтижеге жету мәселелерін қарадық. Атқарылған жұмыстарды жергілікті халықтың көтерген мәселелеріне бағыттадық. Жалпы, өткен жылғы жоба аясында өткізілген іс-шаралармен салыстырар болсақ, жақсы көріністер бар деп айтқым келеді. Алдында көтерілген мәселелер қазір қайталанып жатқан жоқ. Халықтың басым бөлігі көтерген мәселенің бірі қайтарымсыз грант пен «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен оқу. Сондықтан, бұл облыс көлемінде көтеріліп отырған мәселе ретінде қабылдап отырмын. Бұл бағытта алдағы уақытта жұмыстар атқаратын боламыз, — деп Жорабек Нұрмергенұлы сөзін түйіндеді.
Өз кезегінде аудан әкімі Нұржан Нұржігітов былтыр аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған ауқымды жұмыстар жөнінде қосымша ақпарат берді. «Құқық қорғау саласы» бойынша жобаның үшінші тобы аудандағы құқық бұзушылықтар мен заңсыздықтардың алдын алу, аудан тұрғындарының арыз-шағымдарын қарау, өткен жылы тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалу барысын қараған.
Кездесу соңында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бойынша ауданға арнайы келіп, жұмыс жүргізген барлық топ мүшелеріне алғысын білдірген Нұржан Молдиярұлы жиын барысында айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.