Мұрынға тамызатын вакцина дайындалуда

0 277

Індет ілмегінен құтылудың қамы әлем ғалымдарын соны ізденістерге бастады. Бүгінде одан қор­ға­нудың амалында жасалған вакциналар 207 мем­ле­кеттің азаматтарына салынған. Осылайша, 1 млрд дозаны алғандардың 58 пайызы АҚШ, Қытай және Үндістан азаматтарын құрапты. Бұл вак­цинаның екпе түрі болса, ізденісті үдеткен ға­лым­дар оның өзгеше түрлерін ойлап табуда.

Осыдан біраз бұрын түркиялық ғалымдар вакцинаны спрей түрінде шығаруды қолға алды. Осы іспетті мұрынға тамызатын вакцина жасаудың патентін ал­ған­дарын Спутник V шығарған Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология орталығының директоры Александр Гинцбург те жария етті. Ол «РИА Новости» журналисіне берген сұхбатында «Қазір клиникаға дейінгі тәжірибелік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Екпе түріндегі вакцинаны салғанда ыстық көтеріліп, бұлшықеттердің, бастың ауыруы жүрсе, ал қорғанудың бұл түрінде ондай болмайды. Тамшы-вакцина биыл жылдың соңында немесе келер жылдың басында қолға тиеді», деген ойымен бөлісті.

Ресейлік «Вектор» орталығы да осындай тамшы тәрізді вакцина жасауға кіріссе, Эксперименттік медицина институты да айран немесе йогуртқа ұқсас түрін жасап жатқан көрінеді. Бұл бойынша сүтті ұйытатын бактериялардың геномына короновирустың ілмекті ақуызы енгізіліп, нәтижесінде бактерияда S-ақуызы бар жаңа рецептор пайда болады. Осылайша, қаруланған жаңа бактерия көбейіп, антиденелер жасауға кіріседі. Технологиясы өте қарапайым, кәдімгі сүт өнімдерін жасайтын жолмен әзірленетін болғандықтан, бұл айран-вакцинаның арзанға түсетіні айқын. Институт директоры Александр Суворов зертханада аңдарға тәжірибе жасау барысында олардың қаны мен шырыш қабаттарында антиденелер қалыптасқанын көргенін айтса, Ресей Ғылым академиясының вице-президенті Владимир Чехонин РҒА отырысында шырышты вак­ци­наға қатысты жұмыстардың да қарқынды жүріп жат­қа­нын жеткізді.

Financial Times-тің хабарлауына қарағанда, Оксфорд университеті ағылшын-швед AstraZeneca компаниясымен бірлесе еріктілерге мұрынға спрей ретінде себілетін вакцинаны зерттеуден өткізуде. Оның алғашқы фазасына қатысуға денсаулығы мықты деген 40 жасқа дейінгі 30 ерікті таңдалып алынған. Еріктілерге алғашында бір ғана дозасы жіберіледі, екінші фазасында вакцинаның қауіпсіздігі зерделенеді, ал жалпы зерттеу жұмыстары 4 ай көлемінде жүргізілмек. Бірінші фаза ойдағыдай өтсе, екінші фазасындағы тәжірибеге еріктілердің саны көбейтіледі.

КВИ-дің тыныстайтын ауа арқылы тарайтынын бас­ты назарда ұстағандардың бірі – Финляндия ға­лым­дары. Хельсинки және Шығыс Финляндия уни­вер­ситеттерінің ғалымдары, профессор Сеппо Юля-Херттуаланың (Seppo Ylä-Herttuala) басшылық етуімен ген тасымалы технологиясын пайдаланған спрей-вакцина жасап жатыр. Зерттеушілер ген тасымалы барысында ағзаның иммундық жауабы іске қосылып, мұрын қуысында аденовирустың залалсызданған клонданған ДНК тізбегі вирусты ақуыз түзетінін алға тартады. Спрей арқылы бұлайша вакциналау бұлшық етке салынғаннан да жоғары иммундық қабілетті оятады екен. Юля-Херттуала қазіргі вакциналар қан айналымында G (IgG) иммуноглобулиніне антидене түзсе, ал мұрынға жіберу шырыш қабатын қорғайтын A (IgA) иммуноглобулинге әсерін тигізеді, сондықтан да ауа арқылы вирустың ішке өтуінде антиденелер белсенділігі Covid-19-дың өзін де, штамдарын да діттеген мақсатына жеткізбейді дейді.

Қазіргі уақытта жобаны нақты вакцинаға айналдырып, өнім шығару жолында инвесторлар қарастырылуда. Елдің оңтүстік-шығысындағы Куопио қаласынан жолдама алған вакцина COVID-19-бен күреске аттанбақ.

Поляк ғалымдары да вакцинаның назальды түрін жасап жатыр. Варшава, Познань, Гданьск және Вроцлав қалаларының биотехнология саласындағы алдыңғы қатарлы ғалымдары бірлесе үлкен зерттеуді қолға алған көрінеді. Польша медициналық зерттеулер агенттігінің директоры Радослав Серинский Gazeta Polska-ға берген сұхбатында «Бұл – поляк меди­ци­на­сын­дағы нағыз төңкеріс, революция. Польша әлемді тол­ғантқан аурумен күресте өз вакцинасын шығарып, халқының амандығын қамтамасыз етуі керек», деп тұ­жы­рады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.