Мүлт кетпес Мұртаза

0 739

 

Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның – Шерағаңның тосыннан түсірілген бұл суреті оқырманын бей-жай қалдырмасы анық. Ел алдында жүрген, халықтың сөзін сөйлеген қоғам қайраткерінің өмірінің әр қырын, әр сәтін әдемі бейнелейтін суреттер көп-ақ. Бұл сурет те соның бірі. Алайда бұл фотоның ерекшелігі сол – сөз мергені Шерағамыз спортшы-мергеннің тұғырында нысана көздеп қасқайып тұр.  

 

Ауылы аралас, қойы қо­ралас жатқан «Егемен» мен «Каз­правда» газеттерінің Алма­ты бө­лімшесінде мүддесі бір екі ұжым­ның журналистері қашан­нан әдеттегідей бірінің бөлмесіне бірі бас сұғып, кіріп-шығып, есіктері жабылмай жатады. Шер­ағаңның таяу күндері 85 жасқа толатыны қарсаңында «Каз­правданың» Алматыдағы бөлімшесінің атақты фототілшісі Юрий Беккерге барып, «Ал Юре­ке, қоржынның түбін қақ! Ерекше сурет болса қалап алайық…» дедік. Кәсіби фотожурналистің көзі шырадай жанды. «Шераға, Шераға… ұмытпасам менде бір тамаша сурет бар!». Ком­пью­тердің пернетақтасын тоқылдата баса отырып, тапты-ау ақыры! «Бұл суретті 1999 жылы күзде республикалық «Спорт» газетінің жүлдесі үшін тапаншадан нысана көздеуден өткен қалалық жарыста түсіріп ем» деді жадырап. Қас-қағым сәтті көзінің қиығынан құр жібермейтін фотомерген әңгімені әрі қарай былай жалғады.

– Атақты Шераға ол тұста өзіміздің «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүрді. Қазақстандағы жалғыз спорттық газеттің жүл­десі үшін өткен жарыста қа­зылар алқасы төрағасының мін­детін атқарды. Мергендерге әділ бағасын берді. Өз басым мемлекет қайраткері, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Бас редактор Шерхан Мұртаза кенет қо­лына тапанша алып нысана көздейді деп ойламаппын. Ілкі сәтте кәнігі спортшылармен қатар тұра қалып, тапаншаның шү­ріппесін басып-басып салғанда талай-талай әріптестер, спортшылар, министрлік қызметкерлері бас­тарын шайқап тамсанып, Шерағаны әбдан қолпаштап, қолын қысты. Әлі есімде, көр­сет­кіші де төмен шықпады. Мына сурет сол бір сәттен көрініс.

– Шерағаның Мәскеу мем­лекеттік университетінде оқы­ған студенттік шағында орта сал­мақта бокстан факультет намы­сын қорғағанын білмеуші ме едіңіз?

– Солай ма, ал керек болса, білмейді екенмін… Бірақ тапан­шаны қолына алған Шераға спортшыларға тән салмақты мінез­бен бір көзін қысып, бойын тік ұстап тұра қалғанда ішім бі­рдеңе сезгендей күйге түсіп еді…

Шерағаң бильярд үстелінде де мергендігімен танылған, деп және айттық. Фотомергенді ке­зінде «Егемен Қазақстанның» Бас редакторы қызметін атқарған даңқты Шерхан Мұртазаның 85 жасқа толуына орай редакцияның бильярдтан турнир өткізетіндігі жайлы да құлағдар еттік.

Халық жазушысының спорт­қа қырын қарамағанына куә болған Юрий Зельманович «Ол жарысқа міндетті түрде қаты­самын…» деп кең дәлізді басына көтеріп айқайлап бара жатты. Жара­сымды-ақ. Кәдімгі газет тілшісінің қызметіне сай тосыннан ұшырасып қалатын шынайы қуанышы…

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретте: Шерхан МҰР­­­­­ТА­ЗА (Алматы, 1999 жыл)

Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР


egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.