Меркілік диқандар ағын су азабынан қашан құтылады?

0 237

Меркі ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы кәсіпорындарды аралап, көктемгі егіс жұмыстарының барысы­мен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Сарымолдаев ауылдық округіндегі «Алкопищепром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанықты. Серіктестік қаржылық мәселелерге байланысты бес жылдан бері тұралап қалған. Дегенмен кәсіпорын иелері техникалық база мен мамандарды сақтап қалу үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті жасаған. Серіктестік директоры Рысбек Шөкенов жұмысты қайта бастайтын уақыт келгенін айтады.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 45 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Алдағы уақытта жоспар бойынша арақ өндіретін зауыт қайта жанданса, көлем ұлғайған сайын спирт өндірісі іске қосылмақ. Соңғы қадам – консервіленген өнімдерді шығаруға арналған желіні реттеу.
Бір ай ішінде акциздік маркаларды санауға арналған жабдықтардың түсуі күтілуде. Содан кейін ҚР Қаржы министрлігіне 10-ға жуық алкоголь өнімін өндіру бойынша лицензия алуға өтінім жіберілмек. Бастапқыда айына 200 мың бөтелке шығару жоспарлануда. Салық аударымдары шамамен 90 миллион теңгені құрайды.
– Зауытты іске қосу үшін жақсы технолог маман қажет. Өндірісті бастауды жеделдетіп, жұмысқа жергілікті кадрларды тарту керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ал Меркі мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында иппотерапиямен емдеу жоспарлануда. Мекеме директоры Клара Рақаеваның айтуынша, орталықтың спортзалына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған. Соған сәйкес 50 миллион теңгеге жуық қаржыны құрайтын жобалық-сметалық құжат дайындалған. Аймақ басшысы нақты шешім мәселе жан-жақты сараланған соң ғана қабылданатынын баса айтты.
Мұнан кейін Бердібек Машбекұлы «Жылыбұлақ Меркі» шаруа қожалығына барды. Қожалықтың 3,2 мың гектар егістік жеріне күздік бидай мен жаздық арпа, қант қызылшасы мен беде өсіріледі. Қожалықта мал шаруашылығы да назардан тыс қалмаған. Шаруашылықта 22 мың қой, 488 жылқы, 189 мүйізді ірі қара және 63 түйе бар. Биыл 130 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Қолайлы ауа райы жақсы өнім алу мүмкіндігін арттыруда.
Ал «Трансфер» шаруа қожалығы тек 250 гектар аумаққа тәтті түбір дақылын өсіруде. Қожалық төрағасы Владимир Бондаренконың сөзіне сүйенсек, өткен жылы түсім жақсы болып, әр гектардан орта есеппен 700 центнерден өнім жиналыпты.
Аталған шаруа қожалықтың алқабында облыс әкімі қант қызылшасын өсіретін диқандармен арнайы кездесті. Өңір басшысы суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Қырғыз Республикасымен тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жақын арада үш су қоймасының құрылысы басталады. Үш су қоймасы су тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ билік шикізатты сатып алу бағасын субсидиялау бойынша өз міндеттемелерін орындайды. Өз кезегінде қызылша өсірушілер өздерінің машина-трактор стансасын құруға ниет білдіріп, лизингке техника алу бойынша көмектесуді сұрады.
Ауданға жұмыс сапары барысында Б.Сапарбаев тау бөктерінде орналасқан «Равшан» шаруа қожалығына да ат басын бұрды. Қожалықтың алты гектар алма бағы арнайы сорғылардың көмегімен суарылады. Сорғылар арқылы су арықтарға жеткізіліп, ары қарай ағып отырады. Қожалық төрағасы Ахметжан Бадалов өткен жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, әр гектардан 62 тонна алма алғанын жеткізді. Олардың өнімдері еліміздің солтүстік және орталық аймақтарына бақшадан тікелей жөнелтіліпті.
Кейінгі жылдары мемлекет балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлуде. Меркі ауданындағы «Bester yard» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағыттағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Гранитогорск ауылында балық өсіру және өңдеу бойынша кәсіпорын құрылысын қолға алған. Жоба құны – 250 миллион теңге. Кәсіпорында төрт цех салынып, 100 тонна бекіре және 100 тонна сом балығын өндіру жоспарлануда. Жетекшісі Сергей Ескиннің айтуынша, зауыт келесі жылдың күзінде іске қосылып, 45 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қырғызстанмен шекарадағы Аспара шатқалындағы шағын су қоймасы орналасатын аумаққа арнайы барды. Бөгеттің құрылысы алдын ала есеп бойынша 50 миллион текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді деп көзделуде. Жобаның нақты жүзеге асуы үшін арнайы мамандармен жан-жақты саралау жүргізу қажет. Бұл орайда көршілес елдердің мүдделері ескеріліп, мемлекетаралық деңгейде шешілгені абзал.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Меркі ауылының орталығындағы «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының жанындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жоба құны– 529,6 миллион теңге. Мердігер– «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда бокс және күреспен айналысуға арналған залдар салынып, түрлі тренажерлер орнатылады. Құрылысшылар кешенді 6 шілде– Елорда күніне орай пайдалануға беруді жоспарлауда.
– Балалар мен жасөспірімдер сарайы және салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мәдениет пен өнерден бастап, балаларға арналған барлық қызмет түрлерін ұсынатын біртұтас кешенге айналуы тиіс. Ал футбол алаңы мұнда жаттығатын барлық балалар үшін қолжетімді болуы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.