«Материалдық тұрғыда қатты қиналдық»: Дастан Оразбеков өмірдегі өкінішін айтты

0 243
Атақты әнші, актер Дастан Оразбеков «Еуразия» бірінші арнасының «Ең алғашқы» бағдарламасына берген сұхбатында отбасына қатысты ешкім білмейтін сырларымен бөлісті. Анасын жастықпен көп ренжіткен кездерін есіне алып, әкесінен ерте айырылғандығын айтты. Ақтық сапар алдындағы әкесінің соңғы өтінішін орындамағаны үшін әлі күнге өкінетін әнші көзіне жас алды.

«Әкем қатты ауырып қалды. Мен қасында болдым. Сол соңғы күндерінің куәсі болу өте ауыр. Денсаулығы күн санап құлдырай берген күндердің бірінде әкем: «Бір темекі берші», — деді. Мен оны жоғалтып алудан қатты қорқатынмын. Сондықтан «жоқ» деп, бермей қойдым. Сол күні оның соңғы таңы атқан екен. Жүріп кете барды. Бере салуым керек еді сол темекіні», — деген әнші әкесінің өлімінен кейін отбасы материалдық тұрғыда көп қиыншылық көргенін жасырмады.

Анасының базарда сауда жасап балаларын асырауға мәжбүр болған жылдарын есіне түсірді. Өзі де қарап қалмай анасының жанында базарда арба сүйреп, ақша тауып, қарындастарын мектепке дайындаған екен.

«Бір жылдары біздің отбасымыз үшін өте қиын кезеңдер болып, әпкем екеуміз 1-ші қыркүйекке мектепке бара алмадық. Өйткені киетін киіміміз, мектепке қажет қалам-дәптеріміз болмады. Сол сәтке қатты намыстанған Дастан ағам бір жыл бойы базарда арба сүйреп, ақша тауып, бізді келесі оқу жылына тап-тұйнақтай етіп дайындаған», — деді қарындасы Меруерт Оразбекова.

Дастан Оразбеков ел арасында тарап кеткен қауесетке нүкте қойды.

«Өнер адамы болып, елдің назарында жүргендіктен, әрине, жанкүйерлеріміз көп болды. «Орда» тобының дүркіреп тұрған жылдарында маған бейтаныс арулардан өте көп хаттар мен ұсыныстар келетін. «Өзіңізден ұлды болғым келеді», — деп ашық жазатын. Бірақ жаратқан адамдықтан аттатпады әйтеуір. Шүкір, қазір мен нық сеніммен ешқандай белгісіз жаннан балам жоқ деп айта аламын», — деді әнші.

Белгілі әнші Дастан Оразбеков өзі оқыған мектебіне 9-сыныпты бітіргеннен кейін бас сұқпаған. Биыл мектеп бітіргеніне 22 жыл екенін айтады. Осы жылы ауылға барып, ағайын мен жора-жолдастың хабарын біліп келуді жоспарлап жатқандығын жеткізді.

«Осынша жыл мектепке ат басын бұрмай кеткенім рас. Мен қай жерде жүрсем де, өзімнің оқыған мектебімді жасырмаймын. Ешқандай кісі танымай кетушілік, немес менсінбеушілік емес. Уақыт жүйрік қой, қалай осынша жылдар өте шыққанын байқамадым. Дәл осы эфирді пайдаланып, маған ренжіп жүрген ұстаздарым мен сыныптастарымнан кешірім сұраймын. Алайда осы жылы мамырдағы мектеп бітіру кешіне баруды жоспарлап отырмын», — деді әнші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.