Малын бағар жайылымы жоқ шаруа қайтіп күн көрер?!

0 420

Халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірінде жер дауы жиі кездеседі. Жер үшін жаға жыртысып, тіпті ауыр қылмысқа барғандар да баршылық. Жауаптылардың жерді заң талаптарын бұза кезексіз, тиісті құжаттарсыз бөлуі, мақсатын өзгерту, сауда-саттықсыз беруі – жиі кездесетін жағдай. Заңсыздыққа жол бергенімен, жауапқа тартылмаған әкімдер жетерлік.

Ағайындарды араздастырған жер дауы

Бүгінде сол заңсыз әрекеттердің зардабын тартып, әділдік іздеп жүрген шаруа аз емес. Малдарын қо­рада ұстауға мәжбүр болып отырған ауыл көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылым мәселесіне қатысты айтқан сын ескертпелері мен нақты тапсырмалары ауыл тұрғындарының үмітін оятты.

Бірер жыл бұрын Бәйдібек ауданында көршілес қоныстанған екі отбасының арасындағы ұзақ жылғы егестің, соттасудың соңы екі адамның өліміне апарып соқты. Ерегіс шиеленіскен тұста Ахатаевтардың бірі егістіктің басында мылтықпен ағайынды Ошақбаевтың екеуін атып өлтіріп, үшіншісін жаралаған. Құзырлы органдардың сол кезде таратқан мәліметіне қарағанда, ауылдастар арасындағы атыс-шабыстың түп-төркіні ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерге өзара келіспеушіліктен шыққан. Ал Түлкібас ауданы Балықшы ауылындағы бүкіл республиканы дүр сілкінткен қанды оқиға кезінде үш адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.

Тексеру барысында бұл оқиғаның да ұшы жер дауына барып тірелді. Жер үшін туысын өлтірген жағдайлар да кездесті. Қайбір жылы Сайрам ауданында жерге таласқан азаматтың туған бауырын атып өлтіргенін естігенде, жағамызды ұстаған болатынбыз. Облыста сотталған, тәртіптік жазаға тартылған ауыл әкімдерінің істері негізінен жермен байланысты. Алысқа бармай-ақ қояйық, Түркістан облысында былтыр екі ауыл әкімі парамен ұсталып, сотталды. Екі іс те жерге қатысты.

Былтыр мамырда Келес ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Құрманәлиев жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында қолға түсті. Былтыр сондай-ақ Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов те сотталды. Бұл істің мән-жайына қарағанда, әкім жергілікті тұрғынның жерге қатысты мәселесіне кедергі келтірмеу үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Егер ақшаны бермесе, жерге қатысты шешімдерді бұздыратынын айтып, қорқытқан. Хасан Муслимов  жоғарыда аталған соманың 2 миллионын алу барысында ұсталып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Өкінішке қарай, жер беру кейбір шенеуніктер арасында бір-бірімен жең ұшымен жалғасқан жемқорлыққа айналып кеткен. Бірақ жеме-жемге келгенде тек ауыл әкімдері жазаланады. Ал оларға нұсқау берген аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері түк білмегендей кейіп танытқан күйі қызметтің қызығын көруді жалғастырып жүр. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетсек.

 

Заңды бұзған әкімдер неге жазаланбайды?

Түркістан облысы Жер инспекциясы басқармасының бізге берген мәліметтеріне қарағанда, биылдың өзінде  2361,187 гектар жерге қатысты 276 талап-арыз сотқа жолданған. Оның 133-і сотта қа­ралуда. Талап-арыздардың 88-і ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты болса, оның ішінде 18759,8 гектар жайылым бар. Жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаевтың мәлімдеуінше, жайылым бойынша ең дауы көп  аудан – Төлеби, одан кейін Сайрам, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласында да арыз аз емес. Сарыағаш, Шардара аудандарында әкімдер тарапынан жіберілген заңсыздықтар жетерлік. Мысалы, Жер кодексінің талаптарына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.

Түр­кістан облыстық жер инспекциясы басқармасы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау бөлімінің басшысы-мемлекеттік инспектор Н. Абдразаховтың анықтамасында Сарыағаш ауданында 2016 жылы 300 гектар жайылымдық жерді сол кездегі аудан әкімі Бұқарбай Пармановтың қаулысымен, 10 жылға пайдалану құқығымен, жалға беру ере­жесі­нің талаптары өрескел бұзыла оты­рып табысталғаны айтылады. Жоға­рыда айтқанымыздай, облыстық жер инс­пекциясындағылардың мәліметі негі­зінде жер дауы ең көп Төлеби ауданы десек, әлгі әкім Бұқарбай Парманов Сары­ағаштан кейін дәл осы ауданға басшы болып ауысқаннан кейін де көптеген заңсыздыққа жол берген. Төлебилік тұрғындар Пармановтың жерді оңды-солды таратқанына өте наразы. Бүгінде аудан аумағындағы даулы жерлерге қатысты 34 талап-арыз қаралуда. Соның көбісі Б.Пармановтың Төлеби ауданының  әкімі болып тұрған кезде берілген жерлерге қатысты екен. Жер берудегі заңсыз әрекеті үшін ешқандай жауапқа тартылмаған Б.Пармановтың бүгінде үшінші мегаполис – Шымкенттің Абай ауданын бас­қарып отыр. Жылайсыз ба, күлесіз бе?! Қолында билігі бар Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан  Дүйсебаевты да жерге қатысты заңсыздықтарға барды деп шағымданушылар өте көп. Сержан Дүй­себаев туғызған сергелдеңге байланысты бір адам, тіпті бір ауыл да емес бірнеше ауылдың тұрғындары бірнеше жылдан бері әділдік іздеп сандалып жүргені біраз жайтты аңғартпай ма? Ал халықты дүрліктірген Дүйсебаев болса шаруашылық басшысынан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне өсіп кетіп, бүгінде түк болмағандай осы лауазымның ләззатына бөленіп жүргеніне шарасыз шағымданушылар жетіп-артылады. Солардың бірі – «Бірлік» ӨК мүшелерінің атынан арыз-шағымын айтып, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысындағы тілшілер қо­сынына келген Миятбек Игенов. Ол айтқандай, С.Дүйсебаевтың өндірістік кооператив төрағасы болып тұрған кезде техникалар мен жерлерді талан-таражға салғаны қаншалықты рас? «Ол халықтың жеріне мырзалық танытып, Балдыбірек өзені бойынан 66 гектар жерді тас майдалайтын кәсіпорынға, Сайрамсу өзені бойынан 10 гектарды тағы бір фирмаға сатты. Таудағы 325 гектар «Жантеке» жайлауын ұжым маған 8 млн теңге қарыз деп, аржағында арзымайтын ақша төлеп жайлауды алды. Ол жайлау қазіргі кезде Сержан Дүйсебаевтың туған жиені Талғат Сералиевтің атында деген күдігіміз бар», дейді М.Игенов. Арызданушы тұрғындардың айтуынша, өндірістік кооперативке қарасты ауылдардың маңайындағы жайылымдар да Дүйсебаевтың «көмегімен» сатылып кеткен секілді. Сержан Дүйсебаевтың кезінде кооперативке қарасты ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсаты бірнеше өзгертіле отырып, сатылып кеткенін қарапайым тұрғындар былай тұрсын «Бірліктің» қазіргі төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Әбдінұр Шайнеков те айтып отыр. Бүгінде бұл бір-бірімен байланысты қаптаған шағымның негізінде құзырлы органдар тексеру жүргізуге кіріскен. Алайда аудандық полиция бөлімі кадастр түпнұсқаларын түрлі себептермен ала алмай жүр екен. Түпнұсқа алынса жер инспекциясы қорытынды шығарады, ал аудандық полиция бөлімі процессуалдық шешім қабылдайды. Ауданда шешімін таба алмай отырған осы мәселе бойынша өндірістік кооператив мүшелері бүгінде облыстық прокуратураға арыздануда.

Сондай-ақ Төлеби ауданынан жер дауына қатысты тағы бір факті. 2020 жылы қазанда ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімін жалға беру жөніндегі конкурстық комиссиясының №2 қорытындысы негізінде «Жеті Арық» ШҚ төрайымы Гүлжахан Танабаеваға Көксәйек ауылдық округіне қарасты ауданның арнайы жер қорынан жалпы көлемі 44,4 гектар жайылымдық жер телімі заң талаптарын бұза отырып табысталған. Осы тектес заң бұзушылықтарға аудан әкімдігінің 13.10.2020 жылғы №303 (31 гектар жайылым) және №304 (57 гектар жайылым) санды қаулыларымен жол берілген. Ауданның тау бөктеріндегі жайылым жерлері де жекеге беріліп кеткен. Алатау ауылдық округі аумағындағы 1 гектар жайылымдық жер телімінің  ішінен 0,25 гектар демалыс аймағының құрылысы үшін деп, нысаналы мақсаты аудан әкімінің қаулысымен Жер кодексі талаптары өрескел бұзыла отырып, жайылымдық жер телімінің бөлінуіне жол берілген. Осы сынды заң бұзушылық, яғни жайылымдық жер телімінің бөлінуі бір емес бірнеше рет қайталанған. Мысалы, Біркөлік демалыс аймағы маңайында көптеген кот­тедж салынып кетті. Ол жерлерде бұрын­дары маңайдағы ауыл­дардың малы еркін жайылып жүретін. Демалыс аймағы аумағындағы жерді иеленіп, коттедж салып алғандар мал кіргізбейтіні мәлім. Осы Төлеби ауданында Бас прокуратураның және облыстық прокуратураның тапсырмасы негізінде аудандық прокуратура жайылымдық алқаптарды беру барысында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізуде. Аудан прокуроры Оразалы Әбдраманов тексерудің бастапқы нәтижелері бойынша аудандық және ауылдық жергілікті атқарушы орган­дарының қызметінде бірқатар заң бұзу­шылық анықталғанын мәлім етті.

«Бүгінгі таңда Төлеби ауданында 3973 гектар жайылым жер  ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Тексеру жұмыстары жалғасын табады. Ал келесі мақсатымыз – қайтарылған жайылымдық жерлерді алдағы уақытта басқа біреулерге қолды болдырмау және бұл жерлерді ауыл тұрғындары малын жаятын ортақ жерге айналдыру. Өткен жылдың қазан-қараша айларында аукцион арқылы жалпы аумағы 132,4 гектар болатын 3 жайылымдық жер телімдері заңсыз берілгені анықталды. Атап айтқанда, аукционға қатысқан тұлғалардың комис­сияға ұсынған құжаттары заң талаптарына сай келмейтініне қарамастан, комиссия төрағасы мен мүшелері оң шешім қабылдап әрі қарай комиссияның заңсыз  қорытындыларын аудан әкіміне ұсынған. Нәтижесінде, 132,4 гектар 3 жайылымдық жер телімі заңсыз табысталып кеткен. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін басқа мақсатта бірнеше телімге заңсыз бөлу (сегменттеу) деректері анықталды. Уәкілетті органмен жоғарыда көрсетілген жер телімдеріне қатысты шығарылған құжаттарды заңсыз деп тану және оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыздар Төлеби ауданының сотына беріліп, қазіргі таңда олар қаралу үстінде. Аталып өткен жайылымдық жерлерге қатысты талап-арыздар сотпен қанағаттандырылған жағдайда, жайы­лымдық жерлерге құжаттарды заңсыз қабылдаған мемлекеттік органдар лауазым иелерінің жауапкершілігі міндетті түрде қаралады», дейді Оразалы Ерал­ханұлы.

 

Мақтаарал мен Жетісайда жайылым мүлде жоқ

Жайылым малды жыл бойы немесе маусымдық жаю үшін берілетін және пайдаланылатын жер екені мәлім. Алайда кей аудандарда малы жоқтарға да жа­йылым жер берілгені анықталып отыр. Мысалы, Шардара ауданында заң талабына қарамастан, жайылымдық жер телімдері мал басы жоқ тұлғаларға берілген. Әкімдіктің қаулысымен Қ.Тұ­рыс­беков ауылдық округі аумағынан 384,0 гектар жайылымдық жер мал ба­сы­ның тіркелмегеніне қарамастан, 49 жылға жалға берілген. Шардара ауданы аумағындағы орман қоры жерлеріне көрші аудан тұрғындарынан да сұраныс бар. Облыстағы 16 ауданның ішінде Мақтаарал мен Жетісайда жайылым жер мүлде жоқ деуге де болады. Аудан жерлерінің 99 пайызы суармалы егістік. Дегенмен, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Тілеген екі ауданның Шардара ауданы аумағындағы орман қоры жерін келісімшарт арқылы жайылым ретінде пайдаланатынын айтты. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, жайылымдық жер бар болғаны – 1400 гектар. «Аудандағы 80 мың гектар жердің 60 мыңы егістік. Мал санына есептегенде 474 мың гектар жайылым керек. Күзде барлық өнім жиналған соң малдың бәрі шығады, яғни екі айға ғана жайылым қажет. Бұл орайда Келес ауданы көршілес орналасқандықтан малды сол жақта бағу бойынша келісім жасалуда. Жуырда ауданға сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жайылым мәселесіне ерекше көңіл бөліп, шешімін табу жолдарын ұсынды. Бұл орайда мал бордақылау әдісіне басымдық беру қажеттігі де айтылды. Қазір аудан тұрғындарымен жайылымға, мал бағуға қатысты түсінік жұмыстары жүргізіліп, тиімді шешімін табу жолдары қарастырылуда», дейді
аудан әкімі Б.Асанов.

Жайылым мәселесі негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Бәйдібек ауданында үнемі көтеріліп келеді. Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Тілеген бүгінде жайылымды қайтару бағытында жер иелерімен тікелей жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. «Мысалы, аудан орталығы Шаянның 5 шақырым радиусында  жері бар азаматтарға ауылдан тысқары жерден  тепе-тең көлемде жер берілетіні, ал ауыл маңайындағы жайылымды қайтару қажеттігін, ха­лықтың жағдайына түсіністікпен қа­рауын айтудамыз. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындары, билерімен бірлесе атқарылуда. Қайтарылған жерлердің ауыл әкімдігіне беруге келіспейтіндер, кооперативке өткізіп қоямыз деушілер де бар.  Ауыл әкімдігіне ортақ жайылымды беретін болсақ, ол өз құзыреті шеңберінде заңсыздыққа жол бермейді. Ауыл әкімі ортақ жайылым картасын сызып,  ауыл биі, белсенділермен бекітіп көрнекі жерге іліп қоюы тиіс», дейді Е.Тілеген.

Жер инспекциясы басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаев та бұл ойды қостап жайылым жерлерді халықтың ортақ жайылымы ретінде ауыл округі әкімдігіне бекітілсе, жерге талас тоқтайды деп есептейді. Жер инспекция­сы заңсыз берілген немесе мақсатсыз пайдаланылған жерлерді анықтап қайтару мақсатында өздігінше тексеру жүргізе алмайды. Ол үшін жер инс­пекциясына аудандық жер қатынастары бөлімінен, ауыл әкімшілігі немесе азаматтардан арыз хат түсуі тиіс. «Жыл басынан бері берілген 276 талап-арыздың 133-і қаралып, қанағаттандырылды. Дегенмен, екінші жақ апелляциялық сотқа беруде. Мысалы, Шардара ауданында қаралған шағымның 32-сі соттың алғашқы сатысында талапкер жақтың пайдасына шешілгенімен, соның бәрі апелляцияға беріп жеңіп шықты, енді кассациялық шағым берілуде. Жайылымға қатысты талап-арыздар бойынша Жаңа Иқанда бір шешім, Төлеби ауданы бойынша бір шешім қабылданды. Соның ішінде конкурс талаптары бұзыла отырып берілген Жаңа Иқан ауылдық округіндегі 2451 гектар жер  халыққа қайтарылды. Алайда жер иесі Мәди Балжан деген азамат апелляциялық арыз беріп жатыр. Сондай-ақ Төлеби ауданы әкімдігінің хаттамасымен 116,5 гектар жер телімі кадастрлық қормен «Төлеби жер» ЖШС-не берілген. Ол жерлер 4 ауыл округі аумағында болған. Соның ішінде, жекеменшікке сату көрсетілмеген. Бәрі жайылымдық жер. Осыны қайтардық, бірақ бұлар да апелляцияға берді», дейді Алтынбек Мырзаев. Жайылымдық жерден айырылғысы келмейтін кәсіпкерлер аз емес. Олардың арасында кезінде жер­гілікті билікте түрлі лауазымды қыз­мет атқар­ғандары да бар.

 

Жыл соңына дейін толық орындалуы тиіс

Жуырда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында осы мақаланың  авторы мәсли­хаттың депутаты ретінде жайы­лым­дық жер жөнінде мәселе көтеріп, бір­қатар келеңсіздікті ашық айта отырып, ұсы­ныс-пікірлерін де білдірген болатын. Сол жиыннан соң Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы, кәсіпкер Қасым­бай Әбдіхалықпен әңгімелескенде өзінің көптен бері көкейінде жүрген мәселеге қатысты бір шешімге келгенін айтқан-ды. Яғни кәсіпкер облыс әкімінің бастамасын қолдап, өзіне тиесілі 120 гектар жайылымды халықтың пайдалануына қайтарып беруге нық бекінгенін алға тартты.  Ел қамын ойлап, жақсы істі алдағы уа­қытта тағы қай кәсіпкер жалғастырар екен? Жайылым тапшылығын шешу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басты назарында. Аппараттық жиында, аудандарға сапарында облыс басшысы осы жайылым мәселесіне аудан, қала әкімдерінің назарын аударып, нақты тапсырмалар беруде. Нәтиже де жоқ емес. Өткен жылы облыс әкімдігіне 5 ауданның  10 елді мекенінде халықтың малын жаюға жайылымдық жерлердің тапшылығы жөнінде 116 ұжымдық арыз-шағым түскен. Оның басым бөлігінде кезінде халықтың ортақ пайдалануында болған жайылым жерлер кейіннен шаруашылықтардың жеке пайдалануына берілген 10,7 мың гектар жерді қайтарып беруді талап еткен.   Негізінен, ең көп наразылық Төлеби ауданының Қоғалы, Алатау, Қасқасу ауылдық округтері, Түлкібас ауданында Ақсу Жабағылы ауылдық округі, Ордабасы ауданында Қажымұқан ауылдық округі, Сайрам ауданында Көлкент, Құтарыс ауыл­дық округтері, Кентау қаласының Шаға ауылдық округінің тұрғындарынан түскен.

Қазіргі таңда, бірінші кезекте, осы елді мекендер маңындағы жеке шаруа­шы­­лықтардың меншігіндегі жайылымдық жер­лерді халықтың ортақ пайдалануы­на қайтарып беру мүмкіндіктері қарасты­рылуда. Жалпы, Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Жауапты мекеме басшылары жайы­лым тапшылығының орын алу себебін мал басының көбеюімен байланыстыруда. 2000 жылдары өңірде 2439,6 мың мал болса, 2021 жылдың  1 қаңтарында 6 144,0 мың мал басын құрап, соңғы 20 жылда 3 есеге артқан. Елді мекен­дердегі тұрғындардың үлесінде 4445,0 мың (72%),  жеке шаруашылықтарда 1699,0 мың бас (28%) мал бар. Облыс бойын­ша жайылымдық жердің жалпы аумағы 8865,8 мың гектар. Соның ішінде жарамдысы 6787,2 мың гектар (76,6%). Аталған жайылымдық жердің 612,2 мың гектары (9%) елді мекендер тұрғындарының ортақ пайдалануында, 5 561,3 мың гектар (82%) кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде, 613,7 мың га (9%) пайдалануға жарамды бос тұрған жерлер. Өткен жылы кәсіпорындар мен жеке кәсіп­керлердің жайылымдық жерлеріне жүр­гізілген түгендеу кезінде 77,8 мың гектар (2,4%) жайылым жердің пайдаланылмай жат­қандығы анықталған. Осы жерлерді қай­тару барысында 41,9 мың гектарды жер пайдаланушылар өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарып, 8,6 мың гектар жерді қайта игеруге кіріскен. Қалған 27,3 мың гектар жер бойынша
аудан, қала әкімдіктері тарапынан мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізілуде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жайылымдық жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қа­дамдық алгоритмі бекітіліп, ортақ жайы­лымға алу жұмыстарын жүргізу мақсатында әр аудан, қала әкімдіктерімен әр елді мекендердің карта-сызбалары жасалған. Қайтарылатын жер көлемі туралы мәлімет­тер жинақ­талған.

Бірінші кезекте ең өзекті жайылым мәселелері бар 152 елді мекенді анықтап, басым­дық берілді. Нәтижесінде, бірін­ші жартыжылдықта 66,4 мың гектар, екінші жартыжылдықта  63,2 мың гектар жайы­лымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, жалпы 129,6 мың гектарды ортақ жайылым ретінде рәсімдеу жоспарланған. Осы жоспарды орындау барысында 2021 жылдың І тоқсанында 13,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, Арыс қаласының арнайы жер қорынан 0,3 мың гектар жер телімі ортақ жайы­лым ретінде пайдалануға берілді. Жайылым жерлер елді мекендер шегіне енгізу жолымен ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне алынады. Облыс әкімі жылдың басында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырған болатын.

 

Ғалымжан Елшібай

Түркістан облысы

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.