Мал ұрлығы — ауыр қылмыс

0 269

Мал ұрлығын ашуға және оның алдын алуға бағытталған шаралар турасында  аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Досымбек  Мұсаевқа бірнеше сауал қойған болатынбыз.

— Облыс аудандары ішінде ауданымызда мал ұрлығы дерегі көп тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қанша мал ұрлығы тіркелді?

— Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас. Аудан бойынша мал ұрлығына қатысты  2019 жылы  30, 2020 жылы 32 дерек тіркелді.

Аудандық полиция бөлімшесіне келіп түскен арыздар мен шағымдардың көрсеткішіне сүйенсек, өткен жылы қолды болған және қараусыз қалып, жоғалған малдың 50 пайызына жуығы табылып, иелеріне қайтарылды.

— Мал ұрлығы қылмысының орын алуына кім кінәлі деп ойлайсыз?

— Көп жағдайда малдың қолды болуына мал иелерінің өздері мүмкіндік береді. Қазір нағыз науқанның уақыты. Мәселен, жылқы малына тоқталатын болсақ, мал иелері жаз бойына биені сауын үшін ұстап, қыстың күні еркіне жібереді. Күнделікті күйбең тіршілік мал түгендеуге мойын бұрғыза қоймайды. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп, өздерін өздері сендіреді де, орнында болмай қалса, сабылып 2-3 күн іздеп, уақытты жоғалтып алады. Содан кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді. Осы аралықта ұры ізін суытып үлгереді.

Сонымен қатар, мал иелері қора-жайларын техникалық құралдармен қамтамасыз етпейді. Біріншіден, жарық пен бейнебақылау камераларын орнатпайды. Екіншіден, қарауыл мен малшыны жалдамайтындығы  жасырын емес.

Тағы бір айта кететінім, бүгінгі күнде заңға сәйкес мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты болуы керек. Құжатсыз қимылдай алмайсыз. Мал иелері өз иелігіндегі малды мемлекеттік базаға тіркеп, ұсақ малға және ірі қараға сырға салып, ал, жылқы малына «чип» салдыруы қажет. Бүгінгі таңда мамандар қолданыстағы «чиптің» көмегі мол екендігін айтады. Үйіріңіздегі айғырдың немесе бас білетін жылқының мойнына трекер арқылы орнатып, ұялы телефонға қосымшасын жүктеп, картаның көмегімен қайда жүргенін көруге болады.

Қазір ешкім малды қарыны ашқандықтан, ішерге ас таппай ұрламайды. Ойланып қарасақ малды бір ғана адам ұрлай алмайды. Мұның астарында сыбайластық жатыр деуге болады.

Тергеу практикасы мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз қылмыскерлер топтасып, орындаушылар, ұйымдастырушылар, қара базарда сатушылар, ұрланған малды тасымалдаушылар болып бөлінеді деген сөз. Бірнеше рет сотты болған тұлғалар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осы қылмысқа барады.

Бұдан бөлек, қолды болған малдың иелері дер кезінде полиция қызметіне хабар бермей жатады. Көбінде жоғалған малды өздері іздеп, бірнеше күнді өткізіп алады. Бұндай жағдайда қылмысты «ізін суытпай» тез арада ашуға мүмкіндік жоғалады.

Аталмыш қылмыспен күресудегі тағы бір күрделі мәселе — қылмыскерлерді қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құрылымдары жұмсалады. “Қылмыс енді ашылды” дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алады немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы жауаптарын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығарады.

Өткен жылы мал ұрлығымен айналысқан 5 азамат құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде екі азамат қылмыстық топ құрып, үш рет мал ұрлығын жасағандығы анықталды. Олар  сол жылы 3-4 ай бойы аудан аумағында ірі қара малын жымқырған. Қылмыскерлер заң жүзінде жауапкершілікке тартылды.

— Мал ұрлығына қатысты  ашылмаған істер жөнінде не айтасыз?

— Өткен жылы ауданда орын алған мал ұрлығына қатысты 26 іс ашылмай қалды. Қылмыстың дені жайылымда орын алған. Яғни, мал қараусыз жайылып тұрған жерінен қолды болған. Айтып өткенімдей, мал иелері мұны кеш байқап, іздеуді өздері жүргізіп, жануарды таппаған соң тәртіп сақшыларына жүгінген.

Қылмыскерлерді жедел құрықтау мақсатында бөлімде тәжірибелі тергеуші, жедел уәкіл және учаскелік полиция инспекторларынан құралған жедел тергеу тобы жұмыс жасайды. Бұл топтың  құрамындағы мамандар біліктілігі жоғары, оқу орындарын үздік тәмамдаған қызметкерлер.

— Мал ұрлығы — ауыр қылмыс түріне жатады ма?

— Елімізде қасақана қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдатылып отыр. Қылмыстар тізіміне мал ұрлығы да енген.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-1 — бабы бойынша, орта дәрежелі мал ұрлық жасағаны үшін, яғни,  жайылымда қараусыз жайылып жүрген малды ұрласа – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, мал қораның ішінен немесе қоршаулы үй ауласына кіріп ұрласа – 7 жылға дейін, аса көп мөлшерде шығын келтірсе, яғни, аса ауыр қылмыс жасаса – 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық жолмен табылған мүлік тәркіленеді.

 

— Мал ұрлығының алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған?

— Ауылдық жерлерде ең өзекті мәселенің бірі-мал ұрлығы. Мал ұрлығының алдын алу бағытында ҚР Ішкі істер министрлігімен «2021 – 2023 жылдағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл» Бағдарламасы бекітілген. Осы бағдарламаны орындау мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланып, қолға алынды. Оның ішінде, мал ұрлығының алдын алу және ашылуын жандандыру үшін учаскелік полиция инспекторларының жұмысы қайта қаралып, бұрын мал ұрлығы қылмысын жасаған тұлғалар қатаң бақылауға алынды.

Малды қараусыз қалдыру мәселесін шешу мақсатында Жамбыл облыстық мәслихатының 2020 жылдың 11 желтоқсандағы №52-7 шешіміне сәйкес қараусыз жүрген мал иелеріне хаттама толтырылып,  айыппұл салынатындығын естеріне салғым келеді.

Қазақ қашаннан несібесін малмен айырған халық. Ризығы мен азығын өрістегі малдан айыратын ауыл тұрғындары төрт түлік малына жауапкершілікпен қарайтын уақыт келген секілді.

 

— Әңгімеңізге рақмет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс  тілейміз.

 

Сұхбаттасқан:

Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ,

Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.