Көптен күткен қуаныш

0 175

Ауызсу елімізде өткір мәселелердің бірі. Мемлекет тарапынан бұл мәселені шешу үшін түрлі шаралар іске асырылып жатқаны да белгілі. Қарапайым халықтың суға зар болып отырғанын көрген билік тарапы да бұл мәселеге алаңдаулы. Сондықтан сөзбен емес іспен мәселені шешуге барынша атсалып жатыр. Оның бір дәлелі бола алатын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы. 2014 жылы қабылданған бұл бағдарлама арқылы талай халық үйлі болып, талай халық ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз етілді.

2020 жылы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында аудандағы Жуалы ауданында бес ауылдың ауызсу жүйесінің құрылысы басталған болатын. Олар Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы ауылдары.
Қазіргі таңда Көлтоған, Т.Дүйсебайұлы, Қошқарата ауылдарына су құбырларын тарту жұмыстары толығымен аяқталды.
Иә, аудан көлемінде, оның ішінде, ауылдық eлді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша соңғы жылдары бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап өткеніміздей, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шақпақ ауылдық округінің Т.Дүйсебайұлы ауылында ауызсу тарту жұмысы басталған болатын. Ал үстіміздегі жылдың қазан айында ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Күрмеуі қиын өзекті мәселе өз шешімін тапты. Бүгінгі күні жергілікті тұрғындар таза тіршілік нәрін тұтынып отыр.
– Бұл ауылға келін болып түскеніме биыл 30 жылдай уақыт болды. Бұрын ауыл ішіндегі құдықтарды пайдаланып келдік. Құдықтағы су кейде лай болып шықса, кейде ішінен майда құрттарды да көріп қалып жататынбыз. Соның салдарынан балаларымыздың іші, асқазандары ауыратын. Одан бөлек, жыл сайын құдықтағы су тартылып, құдықты тазалап әбігерге түсетініміз де жасырын емес. Қыстыгүні үйдегі малдарға қар суын беретін едік. Енді, міне, су құбырлары үйлердің ішіне дейін тартылды. Судың сапасы да жақсы. Тіпті мөп-мөлдір деуге болады. Бұл – мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған қамқорлығының көрінісі. Нәтижесінде, көптеген ауылдарға, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге су тартылып, ел сапалы ауызсуға қарық болды, – дейді ауыл тұрғыны Раушан Дүйсебаева. Сонымен қатар, үйлеріне су ысытатын қондырғыларды орнатып, кәріз жүйелерін тартып алып жатқандар да бар екенін айтып, бұл – ауыл әлеуетінің артқандығының жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Шақпақ ауылдық округі әкімі аппараты мамандарының айтуынша, аталған бағдарлама арқылы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, бүгінгі күні ауылдағы 163 үйге ауызсу жүйесі тартылған. Осынау ауқымды жұмысты атқарған мердігер – «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.