Көктем күні – жылға азық

0 441

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Қазақтың жүрегі – ауыл­да. Жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені баршаға мәлім. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып жер анадан берекелі өнім жинай білген жергілікті тұрғындар таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындау үстінде.  Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Т.Рысқұлов ауданында  биыл да қарқын алды. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл егістік көлемін 81942 гектарға орналастыру жоспарланып отыр. 2020 жылдың күзінде аудан диханшылары 71775 га алқапты айдап, дайындап қойған. Биылғы жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі артып отыр. Полу парға айдалынған 71775 га алқаптан нақты өңделініп, тұқым себуге дайын болғаны – 20097 га аумақты құрап отыр.
Осы жылы тапсырма бойынша 3500 гектарға жаздық бидай, 54200 гектарға жаздық арпа, 150 гектарға  дәндік жүгері, 8720 гектарға майлы дақылдар, оның ішінде 20 га күнбағыс пен 8700 га мақсары, 3500 гектарға көпжылдық шөп жоңышқа, 275 гектарға қант қызылшасы егілмек. Оған қоса, 700 гектарға картоп, 520 гектарға көкөніс, 200 гектарға бақша дақылдары егілетін болады.

Сонымен қатар, егістіктің сапасын арттыру үшін техникалардың да сапалылығы маңызды. Көктемгі егіс-дала науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары ауданда жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізілуде. Жалпы, Т.Рысқұлов ауданы бойынша биылғы жылы барлығы 2474 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген екен. Оның ішінде, 440 трактор, 29 қопсытқыш, 171 дән сепкіш, 7 жем-шөп комбайны, 162 соқа мен 1474 тырма көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге дайын.

Бүгінде өңірдегі ауа-райының құбылып тұрғанына қарамастан, көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауымы егіс алқаптарында еңбек көрігін қыздырып, көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.