Көкшетауда клиентін ұрып өлтірген дәмхана иесі сотталды

0 257

Көкшетау қалалық соты облыс орталығындағы жазғы дәмхананың 41 жастағы иесін сегіз жылға бас бостандығынан айыру және зардап шеккен тарапқа жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам төлеу туралы үкім шығарды.

Қайғылы оқиға 2020 жылдың 25 ақпанында Көкшетау қаласында болды. Іс материалдарында көрсетілгендей, дәмхана иесі мен келуші арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласты. Дәмхана иесі келушіні қоймаға апарып, ұрып-соғады. Зардап шеккен адамның денесінде сарапшылар көптеген жарақатты анықтаған, соның ішінде сегіз қабырға сынған, бауыр езіліп кеткен.

Алайда, бұған дейін дәмхана иесі қоңырау шалған жәбірленушінің әйеліне күйеуі мас екенін айтып, алып кетуді талап еткен. Дәмханаға келген анасы ұлының оңбай соққыға жығылғанын анықтады. Оған жәбірленушіні көлікке отырғызуға көмектесті, тек үйіне жете берісте анасы ұлының жантәсілім еткенін байқады. Кейін адам өлтіргенін білген дәмханасы иесі полициядан Нұр-Сұлтан қаласына қашып кетті. Сотталушы сот отырысы барысында өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, жәбірленуші баспалдақтан құлаған кезінде жарақат алған.

Алайда сарапшылар мұнымен келіспеді. Іс бойынша жүргізілген ресми сараптама көрсеткендей, мұндай жарақатты адам сатыдан құлаған кезде алмайды. Көкшетау қалалық сотының судьясы Дидар Байниязов ер адамды Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі «абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша кінәлі деп танып, жас баласын ескере отырып, ер адамды орташа қауіпсіз қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтей отырып, сегіз жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Зардап шегуші марқұмның анасы мен әйелінің пайдасына сотталған адамнан моральдық шығынның өтемі ретінде 5 миллион теңге, материалдық залал — 1 миллион 505 мың теңге, адвокатқа төлеу шығыны – 1 миллион 350 мың теңге және өкілге ақы төлеу бойынша 200 мың теңге өндіріліп алынды. Жалпы, сотталушы 13 миллион теңгеден астам қаржы төлеуі тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.