Кеңес отырысында жобалар жайы сөз болды

0 285

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жоспарлы жобалар аясында сараптамалық кеңес отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың төрағалығымен өткен жиында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев, облыс әкімдігі білім басқармасының Жамбыл ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Бахытұлының баяндамалары тыңдалды.
Хабарламашылардың сөзіне сүйенсек, іс-шара жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млн 50 мың теңге бағдарламаны жүзеге асыруға, мән-мағынасын ашуға жұмсалған. Туған жерге деген сүйіспеншіліктің ерен үлгісін қалыптастырып, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге қайта соқа салған танымдық мақала аясында өңірде 132 іс-шара ұйымдастырылып, оған 68205 адам атсалысқан. Оның ішінде «Туған жер», «Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшуі», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет», «Ауыл – ел бесігі», «Ұлы даланың жеті қыры», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы», «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі» атты танымдық жобалар бар.
«Туған жер» бағдарламасы аясында кіндік қаны тамған мекенге маңдай терін тамызып жүрген азаматтар баршылық. Мысалы, ағымдағы жылы жергілікті жомарт жандардың қолдауымен Қоңыртөбе ауылында мешіт ашылса, Аса ауылында 3 отбасыға тегін жер телімі үлестірілді. Бірлесу-Еңбек ауылында белсенді азаматтың демеушілігімен аялдама салынды. Бұдан бөлек, аты жаман індет төбе көрсеткенде жеке кәсіпкерлер аудандық орталық ауруханаға қажетті құрылғылар әкеліп берсе, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 14 отбасы баспаналы болған.
Ал ағымдағы жылы аталыш бағдарлама мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру жұмыстарына 3 бағыттан, 60 тармақшадан тұратын іс-шаралар жоспарланып, оған 3 млн мың теңге қаралып отыр. Қазіргі таңда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисімен келіссөздер жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес жылдың басынан бағдарламалық мақала аясында аудан көлемінде 70 000 адамның қатысуымен 60 іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Оның ішіне «Тұлғаны дамыту» бағыты бойынша 15, «Ұлттың дамуы, халықаралық позициялау» бағыты бойынша 16, «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың дамыту» бағыты бойынша 14 және 8 үй «Асарлатып үй салу» жобасы аясында мұқтаж отбасылардың игілігіне берілуі қажет.
2021 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін аталмыш бағдарламалар аясында 15 танымдық шара ұйымдастырылған.
Қосымша жомарт жандардың жан жадыратар жаңалықтары бар. Мысалға «Бағдарлама тармақтары шеңберінде өткен кәсіпкерлердің демушілігімен ауданда 98 млн 684 мың теңгеге 20 жоба жүзеге асқан. Атап айтсақ, 60 млн теңгеге 10 тұрғын үй, 5 млн теңгеге 1 мешіт, 32 млн 348 мың теңгеге 16 әлеуметтік көмек кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген екен.
Хабарламашылардың баяндамасын байыппен тыңдаған Олжас Елебекұлы бағдарламаның мәнін ашу үшін сала басшыларына тиімді жобаларды ұсыну, олардың орындалуына баса мән беру керектігін алға тартып, игіліктердің мақсатты аяқталуына барлығымыз күш салу қажеттігін басып айтты.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.