Келешек мегаполис – Ақтөбе

0 242

Қазақстанның ірі мәдени және индустриялық орта­лық­­тарының бірі – Ақтөбе облысы. Мұнда жеңіл өнеркәсіп те, тамақ, химия саласы да қарқынды дамыған. Еліміздің баты­сында орналасқан облыстың орталығы – Ақтөбе қа­ласына күні кеше 28 мамырда 152 жыл толды. Тәуелсіздік алған тұс­тан бері дамуға бет алған аймақты болашақта мегаполиске айналдыруға бағытталған жұмыстар да жос­парлы түрде жү­зеге асырылып келеді. 

Облыс орталығы жер көлемі жөнінен Қазақстан бойынша екінші орында болса, халық саны бойынша – бесінші орында. 1991 жылмен салыстырғанда, ақтөбе­­ліктер саны 69,4 пайызға өсіп, бүгінде 512 мыңнан асқан. Айт­қандай, бұл облысқа қатысты үл­кен үміт артылып отыр. Өйткені мұндағы экономикалық, ин­дустриялық даму көңіл қуантарлық деңгейде. Сондықтан осы қар­қыннан таймай, жұмыс атқары­латын болса, миллионер қалаға айналып, ел аумағындағы маңызы тіпті арта түсері сөзсіз. Қаладағы туу деңгейінің статистикалық деректеріне көз салатын болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылына қарағанда 2,7 есе көбейген. Сон­дай-ақ бір қуаныштысы – осы отыз жылда Ақтөбе қаласының неке қиып, отбасы құрған шаңы­рағының саны 61,9 пайызға өсіпті. Ал облыс орталығындағы ажырасу, керісінше 36,3 пайызға азайған. Республиканың бірқатар айма­ғында отбасылардың екіге кету проблемасы етек жайған уақытта мұндай көрсеткіштің қуантатыны рас.

Облыстың экономикалық және әлеуметтік ахуалына қарап, баға беру оңай. Бұл жағынан кел­генде Ақтөбе облысында жа­ғымды динамика байқалады. Мәселен, былтыр бүкіл әлемді жайлаған пандемияға қарамастан, эконо­микалық көрсеткіштер азай­ған жоқ. Бірқалыпты күйді мұндай қиын-қыстау кезеңде ұстап тұра алғаны оған дейін жемісті әрі жүйелі атқарылған жұмыстан ха­бар береді. Демек, бұл өңірде әлеуметтік мәселе пайда бола салысымен оны ұтымды шешудің жолын қа­растырады деген сөз. Былтырғы деректерге көз салсақ, облыстағы ішкі өнімнің физи­калық көлемі 2020 жылдың тоғыз айында 98,2 пайызды құраған. Өнеркәсіп саласында – 103 пайыз (1 716 млрд теңге), ауыл шаруашы­лығында – 106,7 пайыз (325 млрд теңге), құрылыс саласында 105,9 пайызды 204,2 млрд теңге) көр­сетіпті. Өңірге тартылған инвес­тиция көлемі бұдан бір жыл бұ­рынғы кезеңмен салыстырғанда 6,6 пайызға көбірек болып, 646,8 млрд теңгені құраған.

Ақтөбенің, әсіресе өнеркәсіп саласындағы маңызы зор екенін білеміз. Мәселен, бүгінде облыста жалпы көлемі 138,3 млрд теңгелік 23 инвестициялық жоба сәтті жү­зеге асырылып жатыр. Машина құрастыру саласындағы бірден-бір жетістік ретінде «Ақтөберентген» АҚ-ты айтса болады. Өйткені облысқа ғана емес, түгел респуб­ликаға танымал кәсіпорын Қ­а­зақстандағы рентген­диагнос­ти­калық мекемелермен қоян-қолтық келісім жасасып, жаб­дықтармен қамтамасыз етіп отыр. Нәти­же­сінде, медициналық жаб­дық өн­дірісі 340 пайызға өсті. Орта есеппен бір жылда жүздеген ап­парат шығарады.

Қазір облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны едәуір өсіп келеді. Жұмыс істейтін тұрғындардың да үлесі артты. Бұл дегеніміз – аймақта жұмыс орын­дарының көбейгенін білдіреді. 2025 жылға дейінгі «Бизнестің Жол картасы» аясында 2020 жылы 600 шағын және орта бизнес жо­басы мақұлданған. Бір айта ке­терлігі, бұл көлем бекітілген жос­пар, күтілген нәтижеден асып түс­кен екен. Яғни, 349 жоба бола­ды деп күтілгенімен, нәтижесінде 72 пайызға артығымен орын­далғанын көріп отырмыз. Осы факторларға қарап отырып-ақ Ақ­төбе облысының аймақтар ішін­де біраз салада көш бастап келе жатқанын көруге болады.

Қай аймақта болсын күйіп тұрған үлкен мәселе – баспана. Бұл тұрғыдан қарастырғанда Ақ­төбе облысы қандай нәтиже көр­сетіп отыр екен деген заңды сауал туындайды. Бір байқай­тынымыз, бір ғана қаланың өзінде бүгінде тұрғын үй саны әжептәуір өскен. Соған сәйкес, армандаған пәтері­нің кілтіне қол жеткізген тұрғын саны да артып жатыр. Мысалы, былтырғы статистика бойынша, Ақтөбе облысында 1040,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілген. Облыс тұрғын­дары мемлекет тарапынан жа­салып отырған барлық мүмкіндікті мүлт жібермей, пайдаланып қалуға тырысады. Мұндай белсенділік болған жерде жергілікті атқару органдарының жұмысқа қызу кірісуден өзге амалы да қалмайтын сыңайлы.

Тәуелсіздік жылдарында об­лыс­тағы ауыз толтырып айтатын жетістіктердің бірі ретінде тұрғын үйлердің бой көтеріп, облыс хал­қының қоныстой тойлауын айтса артық болмас. Мәселен, былтыр «Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй масси­вінде 4 тоғыз қабатты, 5 үш қа­батты үйлер салынып, 1 138 пәтер кілті табысталған. Облыс орта­лығында ғана емес, мұндай жағым­ды жаңалық аудандар да бар. Әкімдік кезегінде тұрғандар үшін 2020 жылдың тоғыз айында жалға берлетін коммуналдық тұрғын үйден 161 пәтер берілген. Атап айтқанда, Байғанин, Әйтеке би, Алға, Қобда, Ырғыз аудандарында жүзеге асырылған. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын қаланың 150 жылдығы мен Жастар жылына орай жергілікті әкімдік пен «Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы бірлесе жастарды баспанамен қамту мақсатында «Жастарға қолжетімді 150 пәтер» бағдарла­масын жүзеге асырған еді. Қол­жетімді дегені расында анықта­масына дәл келеді. Аталған бағ­дарламамен үй алған жастар «Аз­ғантай ақшамен ғана тұтас пәтерге ие болу мүмкін бе?» деп біраз уақыт сенбей жүрген еді. Ай­мақ­тың басты драйвері саналатын жастарға мұндай қамқорлық ал­дағы уақытта да жалғасын тапса, құлшына қызмет ететіндер саны артатыны сөзсіз.

Осыдан тіпті он жыл бұрынғы Ақтөбемен салыстырғанда қазіргі қаланы мүлдем танымай қалуға болады. Өйткені территориялық ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келе жатыр. Әсіресе, «Нұр-Ақ­төбе», «Батыс», «Батыс-2» сынды тұрғын үй массивтерінің пайда болуы қалаға жаңа дем бергендей әсер қалдырды. Республиканың өзге облыс орталықтарымен са­лыс­тырғанда, Ақтөбе шаһары­ның әдемі көрінісін де қонақтап кел­гендер тамсана айтады. Егер алдағы уақытта да осы алған ба­ғыттан таймай, жергілікті атқару­шы ор­гандар жұмыс істей беретін болса, халық саны миллионға жет­кенде сенімді түрде мегаполис деп атай беретін боламыз.

Қала әкімдігінің берген ақ­паратына сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында аймақта бірқатар проблема оңынан шешіліп, бү­гінде жағымды динамика көрсетіп отыр. Оның бірқатарын жоғарыда атап өттік. Тәуелсіздік жетістіктері ретінде кішігірім статистика айта кетсек. Мысалы, бүгінде қаланың өзінде 56 097 орындық 85 мектеп, 10 080 орынға арналған 44 мек­тепке дейінгі ұйым бар. Ал спорт желісінің нысандарына келсек, инфрақұрылым саны – 629.

Ірі қалаларда қызмет көрсету сапасы облыстармен салыс­тыр­ғанда жақсырақ болатыны белгілі. Сәйкесінше, облыс орта­лық­тарында бұл жағынан көп кемшілік кездессе, амалсыз көз жұма қа­рауға тура келеді. Әйтсе де, бұл тұрғыдан да Ақтөбе ірі қалалардан қалыспауға тырысады. Яғни, за­манауи шешімдерді, қызметтерді дер кезінде енгізу арқылы халыққа қолайлы жағдай жасалып отыр. Соның бір дәлелі ретінде был­тырдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет пор­талы арқылы 24 қызмет түрі көр­сетілетін болды. Әрі облыста цифрландыруға бағытталған жұ­мыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жергілікті тұр­ғындар тарапынан белсене қолда­нылатыны – пәтер иелерінің коопе­­ра­тиві жұмысын автомат­тандыру, электронды сауда және өзге де өзекті мәселелерді оң­тайландыру жобалары. Бүгінде облыста жергілікті мобайл қол­данба қолданысқа енгізілген. OPEN AQTOBE деп аталатын плат­формада облыс, қала, аудан тұрғындары онлайн сервистерді тегін қолданып, қажет ақпаратты үйден шықпай-ақ ала алады.

Сондай-ақ «109-Aqtobe» си­туациялық орталығы жұмыс іс­тейді. Мұнда коммуналдық қыз­мет сервистері біріктірілген. Бы­лайша айтқанда, елордада қол­данылатын іKomek-тің үлгісімен жасалған. Бас қала тұрғындарының белсенді қол­данатынын ескерсек, алдағы уа­қытта ақтөбеліктерден де сондай әсер болуы мүмкін. Өйт­кені арыз-шағым, ұсыныс пен өтінішті оңай қалдыратын сервис қала не аймақтың дамуына тікелей әсер етеді.

Елбасы бір сөзінде «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен – Ақтөбе!» деген еді. Бүгінде бұл сөз ақтөбеліктердің ұранына айнал­ған. Облысқа бара қал­­саңыз, дәл осы сөзді көп жерден көзіңіз ша­лады. Жергілікті тұр­ғындарға мол жігер, құл­шыныс пен мақ­таныш сыйлай­тын мұн­дай сөздің жүрек­тен орын алуы заңдылық. Бәлкім, мұның аста­рында өңірдің әлеуе­тіне, мүмкін­дігіне деген нық се­нім де жатқан болар. Қалай десек те, қазір Ақ­төбе расында құтты ме­кенге ай­налып отыр. Өсіп, өр­кен­деп келе жатқанына да куәміз.

aikyn.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.