Инвестициялық жобалар және жайбасар әкімдер

0 355

ОБЛЫСЫМЫЗДА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫ АЯСЫНДА БІРДЕ-БІР ЖОБА ҰСЫНБАҒАН АУДАНДАР БАР

Кез келген ел өркениет шыңына жетуі үшін сол елдің әлеуметтік ахуалы, ішкі саяси жағдайы тұрақты, экономикасы мықты болуы қажет. Ал ел экономикасы қарқынды дамуы үшін мемлекет шағын және орта бизнестің де аяққа тұруына қолайлы жағдай жасауы керек. Осы қағидалардың мемлекеттік міндеттеме ретінде жүзеге асырылуына басымдық берген еліміз бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономикалық өрлеуге бет алып келеді. Әсіресе елдегі «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының саланы ілгерілетуде берері мол. Әйтсе де біздің облыста бұл бағдарлама қай деңгейде жүзеге асырылуда? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселелер қаралды.
– Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің маңызы айрықша. Әсіресе бүгінгідей індет қиындық тудырып отырған уақытта шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау қарқынды жүргізілуі қажет. Экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы саналатын шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау ретінде «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы – 2025» секілді түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар аясында бөлінген қаржы өткен жылға қарағанда екі есеге ұлғайып отыр. Ендігі мақсат – бағдарлама арқылы саланы ілгерілетуге бөлінген қаржыны уақытылы игеріп, тиімді жұмсалуын қадағалау.
Облыстың шағын және орта бизнес арқылы экономикадағы үлесі 23 пайызды құраса, бұл көрсеткіш республикада – 30 пайыз. Демек, біздің көрсеткішіміз елдік деңгеймен салыстырғанда сәл төмен. Осыған да мән беруіміз керек. Сонымен қатар «Ислам даму банкі», «Еуропалық қайта құру және даму банкі» секілді халықаралық қаржы ұйымдарымен де жұмыс жүргізіп отырған жоқпыз. Қазіргі уақытта осы секілді бірқатар мәселе қолға алуды қажет етіп отыр, – деді Бердібек Машбекұлы.
Өңірде аталған салада атқарылып жатқан шаруалар баршылық. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың индустрияландыру картасына жалпы құны 1,8 триллион теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба енгізіліпті. Аталған жобалар аясында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы жылы жалпы құны 435,8 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 909 жаңа жұмыс орны ашылған екен. Алдағы 5 жылда осы секілді бірнеше ауқымды жобаны іске асыру көзделіпті.
– Жүзеге асырылатын жобаларды салалар бойынша алып қарасақ, тау-кен өңдеу саласында 10 жоба, химия саласында 4 жоба, тамақ өнеркәсібі саласында 12 жоба, және өзге де бірқатар сала бойынша 4 жобаны жүзеге асыру мақсат етіліп отыр. Индустрияландыру картасының үшінші бесжылдығының алғашқысында, яғни биыл жалпы сомасы 14,8 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 596 тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде «Амир және Д»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Фармацевтикалық зауыттың құрылысы» еліміздегі негізгі инновациялық жобалардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда кәсіпорын ИСО халықаралық сапа менеджментінің лицензиясын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – деген Аспандияр Мұраталыұлы кейбір аудандар тарапынан ешқандай жоба ұсынылмай отырғанын, ал индустрияландыру картасы аясында іске асқан жобалар бойынша тиісті аудан әкімдіктері әлі күнге дейін модернизациялау және өнім көлемін арттыру, кәсіпорынды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар бермей отырғанын сөз етті.
Өз кезегінде аймақ басшысы жобаларды қаржыландыруға екі есе қаржы бөлінгенімен, бұл бағытта мандытып жұмыс жүргізбеген тиісті аудан басшыларымен онлайн байланыс арқылы жауап алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының саланы дамытуға қосып отырған мүмкіндігіне зер салды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алып, А. Сейсебаевтан жобалардың жүзеге асырылуына қатысты жүргізілетін мониторинг пен стартап жобаларға берілетін гранттар бөлінісінің жай-күйін сұрады. Бұл бойынша аталған басқарма басшысы атқарылған шаруаларды тәптіштей отырып, грант арқылы жүзеге асырылуы тиіс 167 жобаның 67 пайызы ғана жұмыс істеп тұрғанын айта келе, 81 жобаға бөлінген қаржы сот арқылы кері қайтарылатынын жеткізді.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев арнайы экономикалық аймақта нәтижелі жұмыс жоқ екенін айта отырып, осы салаға жауапты орынбасары Алмас Мәдиевке облыстың геопорталын жасауды тездету, индустриялық инфрақұрылым жүргізу ісін ілгерілету, А.Сейсебаевқа халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жасау, бірнеше адамды жұмыспен қамтитын тың идеяларға мемлекеттік гранттарды кедергісіз беру секілді өзге де тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін облыста жүзеге асырылып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасының жай-күйі екшелді. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев әлеуметтің осал тобына жататын көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр 99 тұрғын үй мұқтаж азаматтарға тапсырылғанын, 21 үйдің кілті иелеріне осы жылы берілетінін жеткізді. Аталған үйлердің шатырына демеушілік ретінде «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «KUSTO.HELP» жеке қорынан тұрғын үйлердің құрылысына жалпы ауданы 14 880 шаршы метр асбест шифері таратылыпты.
– Ағымдағы жылы 126 отбасының құрылысына көмек көрсету жоспарлануда. Олардың ішінде 90-ы жаңа құрылыс, 27-сі қайта құру және 9-ы сатып алу арқылы. Бірінші тоқсан қорытындысымен Қордай ауданында 5 үй, Т.Рысқұлов ауданында 1 үй табысталды. 27 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Бір айта кетерлігі, жыл басынан бері 4 ай өтсе де 93 үйдің құрылысы әлі басталған жоқ. Таразда – 9, Жуалы ауданында – 14, Меркіде – 11, Т.Рысқұловта – 9, Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарының әрқайсысында – 8, Байзақ пен Қордай ауданында бес-бестен он үйдің, Жамбыл ауданында 1 үйдің құрылысы қолға алынбай отыр. Осыған орай ұйымдастыру жұмыстарын ертерек қолға алуға тиісті аудандарға тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді Е.Орынбаев.
Облыс әкімі аталған жоба бойынша да жауаптыларға тапсырма бере отырып, баспанаға мұқтаж азаматтарды үйлі етуден бөлек, оның ауылдастың, ағайынның қауымдасып іс атқаруында, бір-біріне қарайласуында маңызы айрықша екенін жеткізді. Жобаның атауы «Асарлатып үй салу» болғандықтан үйге зәру отбасыға баспананы сатып әпермей, жаңадан салу керектігін, бұл іске жергілікті имамдардың да атсалысуы қажеттігіне баса тоқталды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.