Халық қалаулары ел ішінде

0 277

8 шілде күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері М.Төлепберген және Г.Нұрымова партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасының іске асу барысын зерделеу мақсатында Жамбыл ауданындағы «Тимофеев» шаруа қожалығында болып, жұмысымен танысты.

Шаруа қожалығының жетекшісі Андрей Тимофеев 1994 жылдан бері егін егумен айналысып келеді. Қазіргі таңда шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, ет және сүт бағытындағы үш жүз елуге жуық сиыр ұстайды. Айта кету керек, сиырлар жыл он екі ай бойы қорада тұрады. Биыл 2500 гектар жерге бидай, арпа, жүгері, жоңышқа, пияз, сәбіз еккен. Сондай-ақ, Андрей Тимофеев кейінгі жылдары сүт өнімдерін өңдеуге күш салып жатқанын жеткізді.

Мәжіліс депутаттарына шаруа қожалығының жай-күйін баяндаған қожалық жетекшісі бірқатар өзекті мәселелерін де тілге тиек етті.
Айтуынша лизинг бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық техникаларын сатып алу Қырғыз елімен салыстырғанда қымбатқа түседі. Сондай-ақ, соңғы уақытта республиканың оңтүстік және батыс аумағында қуаңшылық салдарынан мал азығының тапшылығы мен қымбатшылық орын алғанын жеткізді. Бүгінде аймақтағы ет бағасының 300-400 теңгеге қымбаттауы бұған дәлел болмақ.

Нұротандық депутаттар шаруалардың көтерген мәселелерін тыңдап, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын және мал азығының тапшылығы мәселесі республикалық қоғамдық кеңесте қаралатынын жеткізді.

Халық қалауларының жұмыс сапары өңірдің өзге ауылдарында да жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.