«Ешкім бұлай қорламаған»: Ақсу әкімі жиналысқа қатысқан әйелді жылатып қойды

0 194

Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің басы дауға қалды. Ол жиналыс кезінде өзге әріптестерімен әңгімелескені үшін қаланың құрметті азаматшасы Валентина Хохловаға дөрекі сөйлеген. Сондай-ақ, әкім өзі телефонмен сөйлесіп отырғанда өзгелермен шүйіркелескені үшін Хохловаға көпшілік көзінше дауыс көтеріп, оны жылатуға дейін апарған деп жазады pavlodarnews.kz сайты.

Бүгінде аталған іс тәртіптік кеңесте қаралып жатыр. Материал мәліметіне сәйкес, қала әкімі жиналыс кезінде телефонмен сөйлесіп отырған. Осы аралықта Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі әрі қаланың құрметті азаматшасы Валентина Хохлова жиынға қатысқан өзге әріптестерімен тілдесе бастайды.

Әкімге бұл ұнамай, ол телефонмен сөйлесуге кедергі жасаған Хохловаға дауыс көтерген. Қоғам белсендісінің айтуынша, әкім Нұржан Әшімбетов оған дөрекі сөйлеп, есіктен шығып кетуді бұйырған.

«Өмірімде мені бұлай ешкім де қорламаған. Еш кінәм болмаса да, дәл бұлай сөйлеу…Бұл жағдайды ойлап қанша уайымға салындым, ұйықтаған жоқпын. Жиынға қатысқым келмеген. Мен өмір бойы осында тұрып келемін, біздің қаламыз шағын ғана.

Мұнда барлық ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Егер жиналыс кезінде назарым басқа жаққа ауса, жай ғана ескерту жасауға болатын еді. Мен бірінші сынып оқушысы емеспін, бұрынғы мемлекеттік қызметкермін», – деп көзіне жас алды Хохлова. Айта кетелік, бүгінде Ақсу қаласы әкімінің ісін тәртіптік кеңес өкілдері қарастырып жатыр. Кеңес мүшелерінің басым бөлігі Әшімбетовтің бұған дейін де дөрекілігімен көзге түскенін ескеріп, оны қызметтен кетіру керектігін айтады.

Нұржан Әшімбетов 2021 жылдың қаңтарынан бастап аталған қызметке кіріскен.

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.