Еркін пікір алмасты

0 295

Аудандық Қоғамдық келісім ғимаратында «Этнос және конфессияаралық келісім» тобының мүшелері облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев, Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Парида Мамедова  аудандық және ауылдық округтер жанындағы аналар кеңесінің төрайымдары  және тұрғындармен еркін форматта пікір алмасты.
Шараны аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова ашып, өңірде қолға алынған жұмыстардан қысқаша ақпарат берді. Әрмен қарай сөзді алған Парида Иманжанқызы  елдің бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында өткізіліп жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтіп, ананың қоғамдағы рөліне айрықша екпін салды. Жас ұрпақты Отанға құрмет пен сүйiспеншiлiк рухында тәрбиелеу, адамгершiлiк мәдениеттi дамыту турасындағы ойымен бөлісті. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Шолпан Байтақова қоғамның осал топтарына көрсетілген көмек жөнінде, мәслихат депутаттары Гүлнар Дәулетбаева қыз-келіншектер арасында кәсіпкерлікті өрістетуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға тоқталды. «Гүлсім» балабақшасының  меңгерушісі Гулсун Ешеева өзінің қазақ тілін еркін меңгергендігін, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді құрмет тұтып, қолдануы – азаматтық парызы екендігін айтты. Неміс этномәдени орталығының жетекшісі Варвара Найденова бала тәрбиесіне үлкен мән беру қажеттігін алға тартты. Кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Наталья Шин балалар ойнайтын алаңшалар көбірек орнатылса деген ұсынысын ортаға салды.Аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары  Шәмшия  Жұмабаева  қайырымдылық ісін дамытудағы аналар кеңесінің үлесі мол болғандығын жеткізді. Ю.Гагарин атындағы мектептің ата-аналар комитетінің мүшесі Шолпан Мухамбетова оқушы- қыз балалардың қолынан шыққан бұйымдармен таныстырса, №4 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің мүшесі Айнұр Нұрпайзова білім ошағында қолға алынған іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев көпке көмегі тиетін игілікті істерді насихаттаудың маңыздылығын сөз етті.
Жалпы, кеңес отырысында қатысушылар іс-тәжірибелерімен алмасып, тұжырымды ойларымен бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.