«Ерекше» балалар – басты назарда

0 208

Мемлекеттіміз қашанда бала тәрбиесі мен біліміне баса мән берген. Сол үшінде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, лайықты біліммен сусындатуды білім саласының басты саясаты ретінде қарастырып келеді. Сонымен қоса лл Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі білім беру мен ғылым саласы екендігі атап көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны өте орынды іс. Осы орайда, білім саласында заман талабына сай нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Нақты айтқанда, бүгінде аталған салада жаңа жүйелер жүзеге асырылуда. Мәселен бүгінде облыстағы білім ордаларының 90 пайызға жуығы инклюзивті тәрбие бере алатын жағдайға жетіпті. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе — балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне сәйкес инклюзивті білім беру екенін айтады.

– Облыста ерекше білім алуды қажет ететін 7 944 бала бар. Оның 6 мың 146-сы инклюзивті білім алады. Аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдарда 77,5 пайыз, ал мектептерде 88,2 пайыз инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан әр ауданнан ерекше білім алуы қажет балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, әлеуетін арттыру мақсатында ресурстық кабинеттер ашу жоспарланып отыр.

Биылғы жаңа оқу жылында облыстағы 443 күндізгі жалпы орта білім беретін мектепте 238 682 оқушы білім алып жатыр. Ол мектептердің 308-і қазақ, 11-і орыс, 122-сі аралас,1-еуі өзбек тілінде білім береді. Сондай-ақ, аймақтағы 416 балабақша мен 135 шағын орталықта 56 981 бала тәрбиемен қамтылған. Осы жылы өңірде 1 жекеменшік балабақша мен 70 қосымша орын ашылды.

Қазіргі уақытта 443 мектеп 52 мың 797 компьютермен жабдықталған. Егемендіктің бастапқы жылдарында педагогтар оқу үдерісіне дәстүрлі құрал-жабдықтарды пайдаланса, қазір «Daryn Online» платформасын қолдануда. «Күнделік» жобасына 443 мектеп қосылған, барлық білім ошағында интернет бар. Педагогтарды жұмысқа қабылдауды басқару және ваканция кезегін автоматтандыру ақпараттық жүйесі де бүкіл мектепке енгізілді», — деді Жамила Бекбатырова.

Негізінен облыста 26 мың 632 педагог жұмыс істейді екен. Оның 24 мың 656-сы жоғары білімді. Педагог-модераторлардың саны 3 мың 207 болса, педагог-сарапшылар – 4 360-ты құрайды екен. Аймақта 3 мың 906 педагог-зерттеуші, 231 педагог-шебер бар көрінеді. Аталған ұстаздардың барлығы да ұлт болашағы үшін дамылсыз еңбек етіп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.