«Дүниені қорғайтын қару емес, елдің бірлігі»

0 413

Ақындардың арманы –
Асау ағыстар арналы.
Шөлдалаға су жетіп,
Тіршіліктің гүлдеп
бүршік жарғаны, – деп ақындық арманын көркем сөзбен кестелеген Рафаэль Ниязбековті ел өр мінезділігімен, отаншылдығымен таниды. Оның қай туындысынан да елін сүйген, Отаны үшін оттан қаймықпас азаматтықты көресің. Ол Қазақстан Жазушылар одағының I.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Б.Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының І орын жүлдегері болумен қатар, Шешен Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Тіпті «Шешен халқының батыры» атағын да алған. Халықтың мұңын өлеңмен өрнектей жеткізіп, туған елінің мүддесі үшін еңбек еткен қаламгермен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сұхбат құрып, өткен күндерден сыр шертіскен едік.

– Рафаэль аға, күллі қазақтың ортақ қуанышы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Егемендіктің құндылығын ұғыну үшін әркім өз туған ауылы жайында тебіренсе, бұл бақытқа лайықты баға берілетін секілді. Сіз шағын ғана Тамабек ауылында туып, өнеріңізбен бүкіл елге танылып, бүгінде халықаралық деңгейдегі қаламгерлердің қатарынан көрініп жүрсіз. Төлеген Айбергеновтің «Мен өлемін өзімнің биігімде…» дегені бар. Сіз өз биігіңізді қандай асумен өлшейсіз?
– Жөн, «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған ғой. Адам өз үйінен, туып-өскен ауылынан бақыт сезінсе, Отанының қаншалықты ыстық екенін де жан-жүрегімен ұғынады. Талай жастың қыршынынан қиылып, тер де, қан да төккізіп, үлкен ерлікпен, асқан еңбекпен жеткен бұл тәуелсіздік – біз үшін зор бақыт, баға жетпес құндылық. Елімізді егемендігінен, бейбітшілігінен айырмасын! Дүниені қорғайтын қару емес, елдің бірлігі. Біз бәріміз біргеміз, шайқалмайды іргеміз.
Мен Талас жағасында орналасқан Талды ауылында дүниеге келдім. Табиғаты көркем, шалғынды, сулы, нулы өңір болатын. Биік-биік өскен талдары жайқалып тұратын. Қазіргі Тамабек ауылы бұрын Амангелді деп аталатын. Шағын ауылдарды ірілендіреміз деп осы Амангелдіге көшірген еді. Бірақ Амангелдіге қарағанда Талдының топырағы құнарлы болатын. Мен өзімді сол құнарлы топыраққа себілген бір тұқым секілді сезінемін.
Айдар атамның қолында өскенмін. Ол кездегі қариялар бір-бір пайғамбар секілді еді. Қартабай, Дәдебай, Байлаш, Әбутәлі есімді қариялар күнде кешқұрым, яғни мал өрістен келердің алдында ауыл сыртындағы жайдақ төбеге жайғасып, әңгіме-дүкен құрады. Бірақ көздері асыр салып ойнап жүрген біз жақта болатын. Айдар атам мені жақсыдан қалған көз деп, бетімнен қақпай өсірді. Бүкіл ауылға сыйлы қария болатын жарықтық. Сол атамның арқасында бозбала шағымнан бастап атқа мініп, көкпар тарттым. Бәйге де шаптым. Көбіне бірінші келетінмін. Сол жылдары:
Тіршілікте кімге өкпе-наз артам?
Көктем болып, жердің өзін жасартам.
Ақымақтар жүріп өткен жерлерді,
Арғымақтың тұяғымен тазартам, – деп аяқталатын өлең жазғанмын.
Мені осындай ізгі мақсаттар алға жетелеп отырды. Мүмкін, елдің елдігін, ердің ерлігін жырлау сол жылдардан бастау алған шығар.
«Мен өлемін өзімнің биігімде…», деп жырлаған Төлеген Айбергеновтің Құдай аузына салды ма деп ойлаймын. Өзі аңсаған заңғар биігіне көтерілген бойда «өртеніп» кетті. Лапылдап жанған өрт еді өзі де…
Әдетте қай ақынның да өз ұстанымы, биігі болады. Мен әзірге өлім жайлы ойлағым келмейді. Жасым келген соң ба, әдемі қартайып, өз биігімде көк туымның желбіреп тұрғанын армандаймын.
Сағынышын сарнатқан туған айдың,
Бәлкім, өзі шығармын нұрлы арайдың.
Күтем сені, күндерім,
Арман бар ма,
Шыңына егер шығарсаң ұлы Абайдың…
– Сіз патриоттық тақырыпта, рухты өлеңдер жаздыңыз. Қазіргі жас ақындар осы тақырыпты арнаумен шатастырып жүрген жоқ па? Бүгінгі жас ақындардың жазбаларына қандай баға берер едіңіз?
– Айдар атам мені батыр бабаларымыздың ерлік іздері сайрап жатқан сары даланың қасиетін санама сіңіріп және адалдықты үлгі етіп, ұлттық рухта тәрбиеледі. Ал атам бақилық болған соң көп қиындық көрдім. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Көше бойында өскен бұталардың біреуі басын қылтитып өзінше өсуге талпынса, дереу қырқып, басқалармен теңестіріп қояды. Сәнді бұзбау керек… Біз өмір сүріп жатқан қоғам бірыңғай бастары тегістелген бұталар секілді. Мемлекетке илеудегі құмырсқадай бір-бірінен аумай қалған адам керек, айтқанға көніп, айдауға жүретін. Егер біреу басқаша ойлап, өзінше бұра тартса, анау бұтақтарға ұқсатып басын қырып тастайды» деген сөзі еске түседі. Сөйтсем, стандартты қоғамда стандартсыз өмір сүруге болмайды екен. Мен соны түсінбеппін. Қысқасы, мен өмір сүрген қоғам өтірік күлсе, мен өтірік күле алмаған екенмін. Шамам келгенінше ағынға қарсы шығып, өмір шындығын, қоғам қайшылығын жырлауға тырыстым.
Бір данышпан айтқан екен: «Шындық – тұрмысқа қолайсыз әрі өте қымбат дүние. Оны ешкім сатып алмайды, дүкендерде шаң басып тұратыны содан», деп. Соған қарамай, қай тақырыпта қалам тартсам да батыл жырлауды мұрат тұттым. Соның өзінде жолымды кесіп, бағымды байлаған кездер аз болған жоқ. Бүкіл өмірім мылтықсыз майданның алаңында өтіп келеді. Туралып кете жаздаған кездерім де болды. Сонда да «батыр ақын болмаса – мін емес, ақын батыр болмаса – көрген күні күн емес» деген қағиданы семсер етіп, серт етіп ұстадым.
Азаматтық тақырыпта жазылған өлеңдер бір бөлек, арнау өлеңдер бір бөлек. Екеуі екі бөлек дүние. Ал кейінгі жастар хақында айтар болсам, Құдайға шүкір, талантты жастар көп. Бірақ бұлар­дың кейбірінде жауапкершілік жетпейді.
– Шешен Республикасының Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегерісіз және Шешенстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреатысыз. Сонымен қатар осы елдің «Халық батыры» атанғаныңызды да білеміз. Бұл халықтың қай қыры сіздің назарыңызды аударды, сізді не байланыстырады?
– Ана бір жылы Ресей-шешен соғысы басталғанда тау халқының намысын жыртып, оған бірде-бір қазақ ақыны үн қата алмады. Мен сол кезде көзім жөндеп көрмей, үйде отырып қалған едім. Газет оқуға көзім жарамады. Кешкісін теледидардың алдында отырып, соңғы жаңалықтарды тыңдадым. Соғыс болғанына 2-3 күн болған. Бір 11 жасар баланың беліне граната байлап, танктің астына түскені жүрегімді қозғап жіберді. Бір жетінің ішінде «Шешендер» поэмасын жазып шықтым. Шешендер бұл поэманы 2 мың дана қазақша, 8 мың дана орысша кітап етіп шығарды. Мен осы 10 мың кітапты шешен халқына тегін бердім. Шешен елінің сол кездегі президенті бүкіл халқы жиналған митингіде менің кітабымды жүрегінің тұсына ұстап, 45 минут сөйлеген. Кейін осы кітабымның көркемдігі үшін Мемлекеттік сыйлығын беріп, батылдығы үшін «Ұлт намысы» орденімен марапаттады. Бұл орденді тек бас қолбасшыларға ғана береді. Және осы орденнің алдында шешеннің президенті құрмет білдірді.
Маған шешен халқының әлі күнге дейін салт-дәстүрін сақтап, саналы өмір кешіп, небір қиын жағдайда да тез шешім қабылдай білетін өжеттігі ұнайды. Менің суретім Алматыда тұратын кейбір шешендердің үйлерінің төрінде ілулі тұр екен.
– Шығармаларыңыздан өр мінезділігіңіз байқалады. Осы мінезіңізбен кедергілерге кездескен кездеріңіз болды ма?
– Жасымнан кеудемді ешкімге бастырмай, өжет болып өстім. Өтірік айтпадым. Мейлінше адал болдым. Әділетсіздікке төзбедім. Әлихан Бөкейханның «Қанша ғалым болсаң да, қанша кемеңгер болсаң да мінезің болмаса, түк емессің» дегені бар. Осы өжет мінезім, асқақ рухым өлеңдерімнен көрініп жататыны сондықтан шығар. Мінезсіз жылқы иесін жолда тастап кетеді, ал мінезді жылқы иесін ешқашан жолда қалдырмаған. Әрине, турашыл мінез кедергілерге кезіктірмей қоймайды. Ғалым Жайлыбайдың «Таласта туып, тағдырмен таласқан ақын» деп маған өлең арнағаны бар. Кездескен кедергіге жігерің жасып, құлап қалмай күресе білсең ғана өзіндік орныңды табасың.
– Қазіргі уақытта бұрынғыдай ақын мен сазгердің байланысы үзіліп қалғандықтан ба екен, мағыналы, мәнді ән өте аз. Бүгінгі елге тез танылып жатқан әндер жайлы ойыңыз қандай?
– Ақын мен сазгердің арасында байланыс бар немесе жоқ деп нақты айта алмаймын. Бір білетінім, бұл күндері сазгерлер де өлең жазатын болды. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Әр нәрсенің өз орны бар. Әдемі әннің мәтінін ақын жазып, сазын сазгер шығаруы керек. Абай айтқандай, «Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар…» демекші, әдемі ән сонда ғана туады.
– Кешегісіне қарап – ертеңін болжап, бүгініне қарап – болашағын бағамдайтын көреген бабалардың ұрпағымыз. Бүгінгі жастардың келбеті сізге нені аңғартады?
– Батыр Бауыржан Момышұлы жасы үлкендерді шал, қария, ақсақал және абыз деп 4-ке бөлген. Шал деп саяси өсек айтып, түтін аңдып, қыдырып, арақ ішкендерді айтқан. Қария деп бір әулетті өргізіп-тұрғызған, ақсақал деп бір ауылға пәрмені жүріп тұрған, абыз деп мемлекет басшысына ақыл-кеңесін айтып, түзу бағыт-бағдар беріп отыратын үлкен кісілерді айтқан. Ал бізде шал-шауқандар бар. Бірақ батагөй қария, көкірегі қазына қарттар жоқ па деп қауіптенем. Оның есесіне білігі болғанымен көргені жоқ, өнері болғанымен өнегесі жоқ жастар көбейген. Тіпті бата бере алмайтын үлкендер де жоқ емес.
Дегенмен бәрі түгел сондай дей алмаймыз, әрине. Биіктен ойлай алатын, сөз қадірін білетін жастар да кездеседі. Соларға қарап, ертеңнен күтер сенім көп.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.