Дәстүрлі өнерді дәріптеген Ербосын

0 439

 

Бүгін аудан әкімі Нұржан Календеров дәстүрлі әнші, Республикалық Кенен Әзірбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шырқа даусым» дәстүрлі әншілер конкурсының 1 орын иегері Ербосын Қасымбекті қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесуде дәстүрлі ән өнерінің маңыздылығы туралы әңгіме болды. Алдағы уақытта да дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, биіктерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Аудан басшысы републикалық байқаудың қалай өткендігін сұрады. Әнші-термеші өз ойын былай жеткізді: Жалпы еліміз бойынша дәстүрлі әнге деген қызығушылық артып жатқандығын байқадым. Кенен Әзірбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған конкурсқа еліміздің әр қиырынан отыз бір үміткер қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға атсалысты. Байқау тартысты өтті деуге болады. Кенен Әзірбаевтың әндерін кез-келген адам айта алмайды. Оның әндерін шырқау үшін кең диапазон, тебіреніс, үлкен күш-қуат керек. Десе де, замандастарымның талпынысына риза болдым. Біздің өнерімізді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев бағалады. Бұл әрине біз үшін үлкен мәртебе.
Аудан басшысы өнерпаздың еңбегіне табыс тілеп, ауданның атын елге шығарып жүргені үшін тағы да алғысын білдірді.
Ербосын Қасымбек дәстүрлі ән өнерінің көшін өрге сүйреп жүрген өңіріміздегі санаулы әншілердің бірі. Ербосын – өнердегі өрісін кеңейте түсуде жалыққан емес. Қашанда көпті көрген көнекөз қариялар мен жастардың арасынан табылады. Жемісті жұмысы үшін аудан әкімінің, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және жастар ресурстық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталған. Домбыраны жастайынан жанына серік еткен термеші 32 жасына дейін 43 марапатқа ие болған екен. Оның ішінде 2012-2013 Жамбыл облысының «Үздік мәдениет қызметкері» титулы, 2016 жылы «Шалқар термесі» Республикалық байқаудың «Лауреат» төсбелгісі, 2018 жыл «Аймақты әнмен тербетіп» атты Республикалық дәстүрлі ән конкурсының 1-орын жүлдегері, 2019 жылы Атырау облысындағы Республикалық Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай өткен эстрадалық әншілер конкурсының 3-орын лауреаты, 2019 жылы Аудан әкімінің «Жылдың үздік жас термешісі» номинациясы марапаты, 2020 жылы «Алтын кітап» Қ.Р.Білім, ғылым, мәдениет, өнер, тәрбие, әлеуметтану, экономика, қызмет көрсету саласындағы үздік қызметкерлердің «Таңдаулы тұлға» Республикалық энциклопедиясына енгені үшін, кәсіби жетістіктері мен үздік қызметі үшін «Үздік жас маман» төсбелгісі, Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңестің «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Атадан қалған осынау мұраны аялап, өрістетіп келе жатқан Ербосындай азаматтарымыз көпке үлгі. Ербосын Қасымбектей дәстүрлі әншілеріміз барда ұлттық өнеріміздің өшпейтініне, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынына бек сенімдіміз.

Медет Атайбеков

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.