Дарынды оқушылар егемен елдің ертеі

0 206

Ұлы Абай атамыз: «Тегінде адам баласы бір-бірінен ақыл, ғылым, ар
мінез деген нәрселермен озбақ…» деп текке айтпаған. Тарих бетінде ұлы ұлт боп қалуы үшін ұрпақ саналы, білімді, еңбекқор болуы тиіс. Ал ұлт ұрпағы білімді болуы үшін оларға сапалы білім , саналы тәрбие берілуі керек. Сонда ғана ел ішінде зейінді, ойы озық, дарынды оқушылардың қатары көбейеді. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны ақиқат. Соның арқасында бүгінде өңірдегі білімді жастар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда топ жарып, жеңімпаз атанып жүр.
Жалпы биылғы оқу жылында облысымыздан халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға 153 оқушы қатысып, 98-і жеңімпаз атаныпты. Сонымен қатар, түрлі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға қатысқан жамбылдық оқушылардың 16 842-сі жеңіске жеткен екен. Облыстың, еліміздің мерейін осындай білім бәсекелерінде үстем етіп жүрген дарынды оқушылардың бірқатарымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында жүздесіп, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Олардың салмақты пікірін тыңдап, көкейдегі сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еліміздің өркениетке қол жеткізуі білімді, жігерлі жастардың қажырлы еңбегімен жүзеге асатыны жеткізді.
– Сендердің бүгінгі жиған білімдерің, үйренген тәжірибелерің еліміздің болашағына жарқын сәуле шашатын шамшырақ іспетті күш. Сондықтан да ізденуден, үйренуден ешқашан да жалықпаңдар, – деді Бердібек Машбекұлы өз сөзінде.
Облыстың әр аймағынан келген дарынды оқушылар Бердібек Машбекұлынан кезінде қандай оқушы болғанын, қай тақырыптардағы кітаптарды көп оқитынын, білікті басшылыққа бастаған еңбек жолын, қызмет барысында кездескен қиындықтардың шешімін қалай тапқанын сұрап, еркін пікір алмасты.
Сұхбаттасу барысында оқушылар қол жеткізген жетістіктерімен және алдағы жоспарларымен де бөлісіп, үнемі жас буынның бастамасына қолдау білдіріп жүрген аймақ басшысына алғыстарын да жеткізді. Аймақ басшысы да өз кезегінде жас өрендердің риясыз көңілмен қойған сұрақтарына ашық жауап беріп, кездесуге қатысқан жастарға үлкен сенім артатынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.