«Бізге соғысты көрген, темірдей төзімді жандар үлгі болды»

0 250

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбин.

– Пернебай аға, өзіңіз дүниеге келген сәт тура Ұлы Отан соғысының қан-қасап кезеңімен тұспа-тұс келді. Балалық шақтың бақытын ұрлаған бұл нәубеттің зұлматын сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе? Жазушылық санада сол жылдар қандай салмақпен сақталып қалды?
– Мен 1943 жылы, анамның айтуы бойынша, қарашаның аяғына таман қара суықта Қарашоқы деген жерде дүниеге келіппін. Әкем колхозда қойшы, жасы 54-те, еңбек армиясына жасы егделенген деп, мал бағуға броньмен алып қалған. Әрине, ана кеудесіне бетін көмген нәресте айнала әлемде не болып жатқанын қайдан білсін. Бірақ соғыс деген сұмдықтың салған алғашқы белгісін мектепке барардан бір жыл бұрын, яғни алты жасымда білдім.
Бірақ сол соғыс уағында дүниеге келіп, алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап азды-көпті көргендерім әлі күнге ойға орала береді.
Ауылда Әлібек деген кісі болды. Ақкөңіл, аңқылдаған, елгезек, мейірбан жан еді. Қызы Несібелді апа беріде қайтыс болды. Ұрпақтары баршылық. Ал әскерге кеткен жалғыз ұлы Төлеу соғыстан оралған жоқ. Анасы Рәзия шешей момын, таза еңбектің адамы еді.
Әкем Дүйсенбі ұзақ жылдар колхоздың қойын баққан кезінде сол кісіні үнемі дерлік қозышы етіп алуға күш салушы еді.
Сол Рәзия шешеміз баласы Төлеудің майданнан соңғы жазған хатын көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Сол Төлеу сырты сап-сары болып көнерген үшбұрыш хатпен бірге өзінің алақаны мен бес саусағының суретін салған екен. Бірде анам сол Рәзия апаның үйіне барғанда, әбдіресінен хатты алып, баласының алақан суретін бетіне басып жылап отырғанын көреді. Апам да қосыла жылапты. Бұл 1963 жылы еді. Соғыстың аяқталғанына 18 жыл болған еді.
Тура сол жылдың шілде айында, қас қылғандай, жалғыз қызынан тараған кішкене жиендерінің бірі үлкендер шаруамен сыртқа шығып кеткенде сіріңке жағып ойнаған. Ыстық күнде үйді өрт шалған. Әрі аптап, әрі желтең күнде бел алған өрт үлкендер, біздер жеткенше бой бермей, түгелімен өртенді. Сонда Рәзия апаның үйді айнала жүгіріп, төбе құйқаны шымырлатып, зарлап дауыс айтып жылағаны әлі күнге құлағымда.
– Төлеуім-ау, беу, Төлеуім-ау! Бұл Құдайдың менен ала алмаған не өші қалды! Қолының иісі сіңген хатын, алақан таңбасын да көпсіндің бе?!
Жыламаған ел қалған жоқ. Мен де көз жасыма ие бола алғам жоқ.
Шабақты өзенінің шығыс бетінде көлбей жатқан Қызылқырқа бар. Аудан орталығы Байқадам мен Калинин колхозын байланыстыратын жол қырқадан құлайды. Колхозда сол екі орталыққа аптасына бірді-екілі қатынайтын бір жарым тонналық жалғыз машина бар. Шопыры кең жауырынды, ақсары түрі орысқа ұқсас Мәулен деген болды. Ауыл балалары үшін ол – бір ерекше құдіретті, дүниедегі ең бақытты жан. Неге екенін білмейміз, сол машинадан шығып тұратын бензин иісі біз үшін жұпардай. Ал соғысқа барғанда айдап жүрген машинасы минаға түсіп, көп солдат қаза тауып, ал өзі ауыр жарақат алып, елге оралған. Соны бастық Әйнекбай ат-түйедей қалап, колхозға алдырған. Аяғын сылтып басады. Өзі – дарылдаған ақкөңіл жан. Қолы қалт еткенде, бортына балаларды толтырып алып, Қызылқырқа жотасына дейін қыдыртып қайтады. Бұл жайт колхоз бастығына ұнамайды.
Бірде бастық Мәулен шопырға ұрысты. Сонда ол:
– Әйнеке-ау, оған ренжімеңізші. Әкеден айырылып, қамкөңіл болып жүргендер көп қой. Аз да болса, көңілдері сергісін де, – деді.
Әкеден айырылған Кеңесбек пен Төлебай, Тілеу, Әбдіманаптарға қараймыз. Олардың жүздерінде кіреукеленіп тұратын мұң да осы сәтте біржола ізім-қайым жоғалып кеткендей көрінеді. Осы мезетте колхоз бастығының үні жұмсарып, зілсіз ғана:
– Қоймашыға бар. Ана Қарашоқыдағы малшы­лар­ға ұн жеткізіп бер, – деді де, атын кері бұрып кете барды.
Өткен дәуір тілімен айтқанда, соғысқа қатысқан мұғалім Ілияс Байдәулетов деген кісі мені ат артына мінгестіріп, аталас туысымыз Ордан деген кісінің шешесі Үміт әженікіне әкеліп тапсырды. Әкем Дүйсенбі де, анам да ылғи сыртта жалғыз, көп ортасынан оқшау, жырақ өскен менің адам болып, оқып кететініме онша сенбеген ғой. Сонда Ілияс маған қарап: «Әй, Пернебай, мектепте оқисың ғой, ә!» – дегенде, мен басымды изедім.
Сөйтіп, кіреберіс сенегі кішкентай бір бөлмелі үйге туған әпкем Мерекемен бірге мектепке қабылдандым. Ол төртінші, мен біріншідемін. Алғаш көрген қалың қамыспен жабылған, төбесі балшықпен сыланған үй де мен үшін таңсық, ауылдан жарты шақырымдай жердегі әктелген жай үйлерден сәл еңселілеу мектеп те таңсық. Бәрінен де таңсығы – Үміт әженің тар терезелі бөлменің төр қабырғасына ілінген, сырты сарғыштау ағашпен көмкерілген түрегеліп тұрған адам бейнесі. Басындағысы бөлекше бітімді баскиім, белін қынай буған жалпақ белдік, аяғында керзі етік, кеудесінде ағараңдай көрінген екі дөңгелек салпыншақ, мойнына асып, алдына ұстаған, қысқа мойыны тесік-тесік, бауырында дөңгелек келген әлдебір зат. Кейінірек білгендей, бұл қару автомат деп аталады екен.
– Бұл кім? – деп сұрадым әпкем Мерекеден.
– Үміт әжемнің баласы, – деді.
– Аты кім?
– Ордан.
– Ол кісі қайда?
– Жамбылда емделіп жатыр. Соғыста өкшесіне оқ тиген. Сол жазылмай жүр дейді әжем. Суретке қайта-қайта қараймын. Қағаз бетіне түскен суретті алғаш көруім. Кішкентай демесең, тірі сияқты. Сөйтсем, бұл фотосурет екен.
Әжем ескі қоржынын арқалап, сол Жамбылға жолай кезіккен көлікке, машиналарға мініп, екі-үш айда баласына бір барып қайтады. Сол елуінші жылдың басы ғой, тұрақты жүретін көлік жоқ. Жол азабын көп тартқанын ауылдастарына айтқан әңгімесінен естиміз.
Мен суретке қайта-қайта қараймын. Иығында екі ақ жолақ белгі бар. Кейін есейгенде білдік. Сержант екен. Сол снаряд жарықшағы тиген өкшедегі жара Сазанұлы Ордан ағаны өмірлік мүгедек, ақсақ етті. Өз талабы арқасында ауылдық кітапхана меңгерушісі, ауылдық кеңес хатшысы, ауылдық пошта меңгерушісі болды. Облыстық «Еңбек туы», аудандық «Социалистік шаруа» газеттеріне көп мақала жазды.
1983 жылы 57 жасында қайтыс болды.
– Кейбір кейіпкерлерді, мұқым елге аты мәшһүр тұлғалар жайында заманына қарай «Өмірдің өзі ерте есейткен» деп жатамыз. Сіз де еңбекке ерте араластыңыз. Сол кезде сізді алға қандай мақсат жетеледі?
– Ауылда соғыстан аман-есен келгенімен, мүгедек болып оралғандары жетерлік еді. Түсіп ағамыздың сол қолы мүлдем жоқ. Келбеті келіскен, сабырлы, бидай өңді сыпа адам болды. Сол жалғыз қолымен-ақ үй шаруасын дөңгелете білді. Шалғының сабын шолақ қолының қос тұтам қолтығының астына алып, қос аша балдағын қыса ұстап, жоңышқаны орғанда, елді таңдандырушы еді. Селкеу-солақ бір талын қалдырмайтын.
Үлкен ағалары болып келген әкемнің шашын тып-тықыр қылып алып, сақал-мұртын келісті етіп басып беретін ерек мінезді кісі болды.
Ал іргелес ауылда Қантай деген кісі жалғыз аяғымен-ақ талай жыл колхоз, совхоз қорықшысы болды. Бір балдағын тіреу қылып, мініс атына жас жігіттей ырғып мінетін. Қантай атқа шапқан кезде қалай нық отыратынына ел таңғалатын. Ашуы да қатты, айбарлы жан еді. Екі көзі ұшқын атып, әлгі малдарына еге болмайтындардың талайының жонына құрық ойнатқанын көзіміз көрді.
Ата-аналары іргелес ауылда тұратын Қоныс деген кісіні ел атын атамай «Жарықбас» деп атайтын. Беріректе дүние салды. Совхозда еңбек етті. Баскиімін шешкенде сол жақ шекесі бүлк – бүлк етіп, көзге айқын шалынатын.
Икежан деген ағамыз да соғыстан бір көзін беріп оралды. Жанды көзі мен жансыз протез көзінің айырмашылығы айқын байқалып тұратын. Қанша дегенмен соғыстың нәубетін қан төгіп, жан беріп, жараланып көрсе де елге оралып, ауыр тірлікке араласып, адал еңбек еткен осындай темірдей төзімді жандар бізге үлгі болды. Өмірдің мектебінде біз үшін сондай кісілер сабақ бергендей. Рухымызды жігерлендіріп, қаймықпауға үйреткен де сол кісілер еді.
– Жалпы соғыс тақырыбы тәуелсіздік жылдарына дейінгі әдеби шығармалардың негізгі өзегіне айналды. Бұл тақырыптың сіздің шығармашылығыңызға қаншалықты әсері болды?
– 1980 жылы Ұлы жеңістің 35 жылдығына орай аудан орталығы Байқадамда ардагерлер бас қосқан үлкен салтанатты жиын өтті. Осыған мен «Боздақтар» деген өлең жаздым. Оның әнін қазақ сахнасында жарқырап жүрген айтулы әншіміз Сәуле Жанпейісоваға үйреттім. Бұл жоқтау әуен ертедегі әже-апаларымыздың айтуынан құлағымда қалған. Ол – өте әсерлі, зарлы, тыңдаған жанның сезімін исінтпей тұрмайтын саз. Сәуле осы «Боздақтарды» орындағанда, әсерлеп айтты демеңіздер, залда көзіне жас алмаған адам жоқ шығар.
Шіркін, көмейіне бұлбұл ұялаған Сәуледей осы әнді ешкім айта алмай қойды. Әуенін бірнеше талапкерге үйреттім. Бірақ ешкім де әннің ішіне түсіп айта алмады.
1995 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жарты ғасыр толды.
Бір күні мектепке сол кездегі аудандық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Рақымжанов келіпті. Мені аудан әкімі Сағынбек Әміреқұлов шақырыпты. Сұлтан аң-таң қалған мені «Волгасына» мінгізіп, әкімге алып барды.
Есен-саулықтан кейін әңгіменің төтесіне көшті. «1995 жылы 5 мамырда Жуалы ауданының орталығында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылмақшы. Осы шараға Сарысу ауданы атынан бір сыйлық алып баруымыз керек», деді. Соған ол белгілі қазақ суретшісінің үлкен полотносын көшіріп алып, сыйға тартпақшы екен. Бұрынырақта мектепке келгенде менің салған суреттерімді көрген. Сол жайды ризалықпен есіне сақтап қалған. Сөйтіп, ол картинаны осы Дүйсенбин салсын деп шешкен. Мен бірден кесіп айттым.
«Біріншіден, мұражайдың ашылуына 4-ақ күн қалды. Екіншіден, мынадай үлкен картинаны салып шығу үшін ең кем дегенде 1,5-2 ай керек. Үшіншіден, мен бұл өнермен айналыспай кеткеніме көп болды. Төртіншіден, бүгінгі таңда қолымда бояу түрлері, қылқалам, кенеп секілді заттардың ешқайсысы жоқ», дедім. «Енді не істейміз?» деді қоршай отырған әкім өзінің орынбасарларына айнала қарап.
Содан соң әлі де үміт үзбегендей көңілмен маған қарап: «Пернеке, әлі де ойланыңызшы», деді.
Мен де осы тығырықтан шығар жолды аз-кем ойланып, басыма бір шұғыл ой келді. «Онда Сұлтекең бе, басқа орынбасарларыңыз маған гуашь пен қылқалам тауып берсін. Әрекеттеніп көрейін. Бірақ ол көшірме болмайды. Коллаж жасап көрейін», дедім ойыма Панфилов, Алматыдағы 28 панфиловшы паркі, Бауыржан бейнелері келіп. Бұл бейнелеу туралы терминдік ұғымның көпшілік үшін мәні бұлыңғырлау екенін көздерінен байқадым.
Сонымен, орташа көлемді керме кенепке мектептің бір бұрышындағы жарық бөлмені іштен жауып алып, жұмысты бастадым. Үш күн бойы үздіксіз жұмыс жасадым.
Картинаның сол жақ бұрышына Панфилов, оң жақ қанатына Бауыржан, орта тұсына 28 панфиловшы паркіндегі мүсіндер ансамблі, аспанды торлаған аласапыран бұлттардың аясынан атақты «Отан-ана шақырады!» картинасының қып-қызыл болып бой көтерген силуеті, генерал Панфиловтың төменгі тұсынан батыр туған Саратов алабының, батыр Бауыржанның туған жерінің мини-пейзажын бейнеледім.
Картина аяқталған соң есік ашылып, мектеп оқушылары мен мұғалімдерге таныстырдым. Бәрі таңғалып, риза болды. «Волгасымен» мәслихат хатшысы Сұлтан Рақымжанов жетті. Бетін ақ матамен жауып, аудандық әкімдікке келдік. Бүкіл аудан басшылары жиналыпты. Ішке кіріп, шымылдықты серпіп тастаған уақытта барлығы шатырлата қол соқты. Аудан әкімі қолымды сілке қысып, ризалығын білдіріп, рақметін айтты. Таң азаннан аудан әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Пәрімбеков екеуміз Жуалыға жүретін болдық.
Міне, сол картинаны 5-і күнгі салтанатқа апарып, тапсырдық. Биік мінберден қаумалаған қалың халыққа картинаны әуелете көрсеткенде ризалық шапалағы ауаны жаңғыртты. Әрине, бұның барлығы құр мақтан емес. Сол Ұлы Отан соғысының жаңғырығы менің өмірімде де, «Сол бір асу…», «Ән салыңызшы, әке!», «Жұлдыздар неге жылайды?» деген повестерімде де кеңінен көрініс тапты.
– Өзіңіздің тікелей бастамаңызбен «Ұлт батырлары» атты кітап жарыққа шықты. Оның салтанатты тұсаукесері Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының акт залында өтті. Осы еңбегіңіз үшін бір орден, екі медальмен марапат­тал­ды­ңыз. Аталған жинақтың басқа да ұлт батырлары жайлы жазылған немесе жинақталған кітаптардан қандай өзгешелігі бар?
– Республикамыздың бас газеті «Egemen Qazaqstan»-ның 2011 жылдың 7 мамыр күнгі санының айқарма бетінде «Ұлы Отан соғысы»: Қазақтан қанша батыр шықты?» деген үлкен материалым шықты. Сол кездегі бас редактор, танымал журналист Жанболат Аупбаевтың елгезектігі мен қамқор көңілі арқасында осы суретті материал көпшілікті елең еткізді. Бұрынғы мәліметтерде қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батырлары 97, 98 болып жүретін. Міне, осы мәселе бойынша біраз зерттеулер жасап, олардың 103 екендігін нақты деректермен айғақтадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8 мамыр күні соғыс ардагерлерімен кездескенде осы жайға арнайы тоқталып, мақтан тұта сөйледі.
Кейінірек өзбектер иеленіп кеткен тағы бір батырымыздың есімі белгілі болды. Оның есімі – Іният Наурызбаев. Сонымен, Ұлы Отан соғысында Батыр атанған қазақтардың саны – 104. Олардан тыс Кеңес Одағының Батыры атанған екі қазағымыз бар. Олардың біріншісі –
алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те, екіншісі – Ауған соғысының қаһарманы, батысқазақстандық Қайырболат Майданов. Осы соңғы азамат өзіміздің Жамбылда әскери вертолет бөлімшесін басқарды. Өкінішке қарай, Батырдың қызметтік өрлеуіне жол бермеген қызғаншақтық салдарынан Ресейге қоныс аударды. 2000 жылы орыс-шешен соғысында ерлікпен қаза тапты. «Ресей Батыры» атағы берілді.
Міне, осы батырлар туралы менің материалыма ерекше қызығушылық танытқан ақтөбелік журналист, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев арнайы сапармен келіп, маған жолығып, рұқсатымды алып, «Ұлт батырлары» деген әрі мазмұнды, әрі көркем суреттермен безендірілген кітапты шығардық. Өзі қосымша авторы болды. Осы еңбекке сонау Ақтау қаласының патриот азаматы, кәсіпкер Айтқали Ізмақов қаржылай қолдау жасады. Әрі 103 батырдың көнерген суреттерінің бояумен әрленіп, көркем шығуына шынайы ықылас танытты.
Әттеген-айы, бүгінде сол Ұлы Отан соғысының 104-і, кейінгі 2 Батырдың біреуі өмірден өтті. Қазіргі таңда Тоқтар Әубәкіров – сол батырлардың соңғы тұяғы. Ұлы перзентіміздің ғұмырын ұзақ қылғай!
Бұл кітаптың бір ерекшелігі сол, кітап ішіне барлық батырлардың суреті бейнеленген қосымша плакат салынған. Өз Отанын сүйетін, халқын қастер тұтатын, ерлердің рухына тағзым ететін жас ұрпақтарымызға өте пайдалы кітап болады деген сенімдемін.
– Ұлы Жеңістің туы желбірегеніне 76 жыл өтсе де күні бүгінге дейін лайықты құрмет көрсетілмей жатқан батырларымыз көп. Әлі күнге жат жерде сұраусыз, іздеусіз қалған жаужүрек жауынгерлеріміз де жоқ емес. Солардың қадіріне қашан жете аламыз деп ойлайсыз?
– 1965 жылы Бас хатшы Леонид Ильич Брежневтің алып Одақты билеп тұрған кезі. Мен Украинаның Хмельницкий қаласында танк полкінде әскери борышымның екінші жылын атқарып жүрген едім. Ол кезде құрлық әскерлері үш жыл, теңіз әскерлері төрт жыл болатын.
Полктың клубында соғысқа қатысқан майдангер әйел, ІІ,ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Валентина Бородулинамен кездесу өтті. Сөйлеген сөзінен, қозғалысынан зиялы әйел екені аңғарылады. Сол Валентина әрі әсерлі, әрі жүрекке салмақ салатын естелік айтты.
Жаудан жаңа азат етілген Головеньки селосындағы үйіне, аз күндік демалыспен анасына келіп жатады. Түн ішінде есікті біреу жайлап тықылдатады. Әбден үрей алған анасы екеуі есіктің алдына барып, қорқақтап тұрады. Қайтадан тықылдатады. Валентина қолына жуан оқтау алып, анасы есікті ашады.
Әлсіз жарықтан өң-түс жоқ, көзі ішіне кіріп кеткен, алба-жұлба киімді тірі аруақ көрінеді.
– Сен кімсің? Кімсің? – дейді бұлар.
– Мен ғой.
– Менің кім?
– Мама, мен сенің ұлың Федямын ғой.
Анасы талып түседі. Валя да сылқ етіп отыра кетеді.
Валентина Бородулина осы естелікті айтқанда көз жасы парлап тұрды. Алғашында бірыңғай еркек кіндікті солдаттар аз-кем қозғалақтап, қыбыр-жыбырмен отырған болатын. Осы сәтте клуб ішінде масаның ызыңы естілетіндей ауыр тыныштық орнады. Кей солдаттардың көз кемерлерінің дымдана бастағанын аңғардым.
Ертеңіне, яғни 9 Мамыр күні нарядтан тыс жауынгерлік қызметтің үздіктерінен құралған дивизия құрамындағы үш полктің жауынгерлері Бауырластар зиратына барып, құрметті қарауылда тұрдық.
Зират басында үрмелі оркестр ойнап тұрды. Тұла денеңді шымырлатар музыканың адамға әсері сондай күшті болады екен. Сол жылдары соғысты бастан кешкен кісілер өте көп қой. Әсіресе бір әйелдің бетон тақтамен көмкерілген бейітке гүл қойып, бетін төсеп, суық тасты құшақтап жылаған бейнесі осы күнге дейін көз алдымда тұр. Бүгінгі Тәуелсіздіктің отыз жылдығында көптеген батырларымыздың лайықты атақтары ұрпақтарына табысталып жатыр. Алла жазса, алдағы уақытта да майдангерлеріміздің ерліктері болашағы баянды еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.