«Баспанамызды шенеуніктер тартып алмақшы»: Жамбыл облысының тұрғындары президенттен араша сұрайды

0 13
Жамбыл облысында жүздеген отбасы далада қаламыз деп дабыл қағуда.

Тұрғындар басымыздағы баспанамызды шенеуніктер тартып алады деп алаңдаулы. Айтуларынша, әкімдік мемлекет мұқтаждығы үшін деп орталықтағы 100-ден аса үйді сүріп тастамақ. Бірақ сегіз гектар жерді әкімдік нақты қандай мақсатта алатынын түсіндірген тірі адам табылмапты. Сарапшылар үйді емес, баспана тұрған жерді ғана бағалады дейді ашулы ел. Енді облыстық әкімдіктен опа күтпеген көпшілік Мемлекет басшысынан араша сұрап отыр.

Қаланың қақ ортасында тұратын тұрғындар «шенеуніктер қара шаңырағымыздан қуып жатыр» деп ашулы. Айтуларынша, 3 ай бұрын әкімдіктен «үйлерінің бұзылатыны» туралы ескерту келіпті. Бірақ не себепті, қандай қажеттілікке алынғалы жатқаны жайлы жазылмаған. Сорақысы сол, бір жапырақ қағазда талай жыл тірлік етіп тұрғызған үйлерін тәуелсіз сарапшылар тиынға бағалап жіберген.

Тұрғындар «егер, жер мемлекет қажеттілігіне болса, келісім береміз» дейді. Тек тәуелсіз сарапшылар баспана құнын нарық бағасына сәйкестендіріп берсін деп талап қойып отыр. Себебі мемлекет үлестіретін азғантай ақшаға басқа үй тұрғызу не сатып алу мүмкін емес. Айтуларынша, кейбірінің жылдар бойы жан баққан жалғыз кәсіпкерлік нысандары да бағаланбай қалыпты.

“Ол жай ғана үй емес, дүкен. 18 мың беріп отыр. Бұл не деген сұмдық? 4 отбасы қанша жылдан бері тұрып келеді. Барлығына да 18 миллион беріп отыр”, – дейді қала тұрғыны Айжамал Дубаева.

Әкімдік өкілдері мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан жерлерге тұрғын үй салынбайды деді. Сөздерінше, сегіз гектар аумақта «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің жалғасы ретінде түрлі ғимараттар бой көтермек. Ал сарапшылар бекіткен бағаға келіспеген ел сотқа жүгінуі тиіс.

“Бүгінгі таң сол 116 үйдің 110-ның оценкасы жасалды. Оценканы жасаған Алматының незовисимый компаниясы. Осы аумақтан бөлек мынау Ташкентскийдің аяқ жағында жер телімдеріміз бар. Ол жерде 70-80-ге жуық үйіміз бар. Одан бөлек 20 шақты коммерциялық нысандар бар. Әлі олардың да процедуралары біткен жоқ”, – Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.

Бұл дау ұзаққа жалғасуы мүмкін. Себебі тұрғындар сұраған сомасын алмайынша, үйді босатпаймыз деп бекініп отыр. Нұрболат Жаңабекұлы, Дәулетбай Нұрмахан.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.