Бәйге мен той тоқтатылды

0 259

Індеттің өршуіне қарамастан аудан тұрғындары көп болып жиналуын доғарар емес. Өткен аптада аудандық мониторингтік топтың жоспарына сәйкес бірнеше назардағы нысандар тексеріліп, кең көлемде ұйымдастырылған бәйге мен бірқатар той тоқтатылды.
Ең алдымен аудандық мониторингтік топ 9 нысанға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында «Наурыз», «Жекен», «Ақ босаға» мейрамханалары мен «Булгар», «Жұмабек», «Smoky», «S.S.S», «Ақ отау», «Құлан» кафелерінің жұмыстары тексерілді. Тексеру нәтижесінде «Жұмабек» мейрамханасында беташар болып жатқандығы анықталды. Бұл – бір. Екіншіден, дәл осындай карантиндік шектеулердің бұзылу фактісі «Наурыз» (ұзату той), «Ақ босаға» (елу жас той), «Жекен» (қырық жас той мен отыз адамды қамтыған отырыс), «Булгар» (той) демалыс орындарында да анықталды. Сондай-ақ, «Жұмабек» кафесі алдындағы ескертулерді елемей, келушілерге тағы да қызмет көрсетіп, кең көлемде туған күн ұйымдастырып берген. Айта кету керек, аталмыш мейрамханалар мен кафелердің бәрінде санитарлық талаптар сақталмағаны үшін келушілер тарқатылды.
Өткен аптада тойлар мен қатар Ақыртөбе ауылында орын алған бәйге де тоқтатылды. Дәлірек айтар болсақ, аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаевтің жетекшілігімен аудандық мониторингтік топ аталмыш округтің жайылымдық жерінде санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер сақталмай, бәйге ұйымдастырылып жатқандығын анықтаған.
Нәтижесінде аудандық мониторингтік топ тарапынан бәйге таратылып, аламанды ұйымдастырушы атына және мейрамханалар мен кафелердің иелеріне хаттама толтырылып, құжаттар тиісті мемлекеттік мекемеге жолданды.

Жәнібек СҰЛТАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.