Аудан әкімі көпбалалы аналармен кездесті

0 270

Т. Рысқұов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов көпбалалы аналармен кездесті. Жиынға ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

Аудан басшымен кездесуге келген көп­балалы аналардың көтерген мәселелері сан алуан. Аналар толғандыратын басты мәселелері – атаулы әлеуметтік көмек алудағы қиындықтар, тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайды жақсарту, еңбекпен қамту, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті сыныптар мен түзету кабинетін ашу, аудандық ауруханадағы маман жетіспеушілігі мен заманауи медициналық құралдардың жаңалануы туралы сөз қозғады.

Жиында аналар тарапынан аудан жұртының өзекті тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Аудан әкімі алтын құрсақты аналарға Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы 80 пәтерлік екі үйдің құрылысы осы жылы аяқталып, қолданысқа берілетінін, тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша тұрғын үй ең алдымен, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жетім балаларға, әлеуметтік аз қамтылған топтар, мемлеттік және бюджеттік топтағы қызметкерлерге және үйлері апатты жағдайдағы тұрғындарға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысы өңірдегі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларына қолдау көрсету үшін аудан деңгейінде атқарылатын әлеуметтік шараларды кеңінен түсіндіріп өтті.

Аналарды жеке-жеке мұқият тыңдаған аудан әкімі Е.Садырқұлов:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында, бүгін сіздердің жеке сұрақ, өтініштеріңізбен кеңейтілген жиында бас қосып отырмыз. Осы жиында көтерілген барлық сауалдарыңызды назарда ұстаймыз. Алтын құрсақты аналардың өмірін жақсарту, мұң-мұқтажына құлақ асу біздің ортақ міндетіміз. Құрметті, аналар! Бүгінгідей арнайы жиында ғана емес, жеке сауалдарыңызды тыңдауға менің әрдайым ашық!,- деді.

Жиында айтылған барлық ұсыныстар жинақталып, аудан әкімшілігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерімен бірге сараланды және назарға алынып, хаттама толтырылды.

Жиын соңында көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.