Аты аңызға айналған «Нурикамал» өмірден озды

0 730

Аты аңызға айналған «Нұрикамал» әнінің тууына себепші болған Нурикамал Сейітжанова өмірден озды. Бұл туралы режиссер Қалила Омаров әлеуметтік желіге жазды.

Бүгінде ел арасына танылған «Нурикамал» әнінің шығу тарихы қызық. Әннің сөзін жазған – Ханбибі Есенқарақызы, ән авторы – Тұрдықылыш Ізтаев. Олар ерлі-зайыпты жандар. Ән Тұрдықылыш Ізтаевтың Нурикамал есімді қызға ғашық болуынан туған екен. Ән 1988 жылы жарық көрген. Ол кезде отбасының үш баласы болған.

Ақын Ханбибі Есенқарақызы әннің шығу тарихы туралы Qazaqstan телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында баяндап берген.

Есенқарақызының айтуынша, ол бір күні жарының пианино жанында отырғанын көреді. Ол кезде өнерпаз жарының Нурикамал есімді бойжеткенге ғашық болып қалғанын білген. Сол сәтте жарының атынан Нурикамалға өлең жазып, «Айтқың келгені осы ма еді?» деп, өлеңді күйеуіне әкеліп берген екен.

Сол сәтте қазақ әнінің қоры «Нурикамал» туындысымен толықты.

Ханбибі Есенқарақызы басында жары Нурикамалға ғашық екенін білгенде «Менен қай жері артық?» деп ойлағанын жасырмайды.

«Нурикамал – өмірде бар лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі «Ол қандай адам, менен артық па?» деп ойладым. Әйелдің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді», – дейді Ханбибі Есенқарақызы.

Бірақ ақын кейін әнге арқау болған Нурикамалды көріп, жарының талғамына риза болған екен.

«Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша, «Нурикамал» әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым», – дейді Ханбибі Есенқарақызы.

Ақын әнде Нурикамалдың есімін өзгертпей, дәл сол нұсқада танылуын қалаған.

Нурикамал деген бойжеткен кім?

Бұл ән сол кезде лауазымды қызметте болған Нурикамал Сейітжановаға арналған. Әнге арқау болған бойжеткеннің есімі араб тілінен алынған: «Нури» – көрікті, «камал» кемеліне келген, толысқан сұлу дегенді білдіреді.

Нурикамал кезінде Торғай облысының мәдениет басқармасында, Ақмола облысының мәдениет басқармасында 20 жыл жетекшілік еткен. Кейін Шымкентке облыстық лауазымды қызметке шақырылған. Тұрдықылыш Ізтаев және Ханбибі Есенқарақызымен сол Шымкентте табиғат аясындағы отырыста танысқан.

«Дастархан басына келгенде бәріміз жағалай отыра қалдық. Сол кезде Ханбибінің жолдасы Тұрдықылыш мырза маған қарсы отырыпты. Тамақ ішіп отырдым, әңгіме айтпады. Тұрдықылыштың маған қайта-қайта қарап отырғанына көзім түсті», – дейді Нурикамал Сейітжанова.

Тұрдықылыш Ізтаев кейін Нурикамалды биге шақырған, бірақ бойжеткен бас тартыпты.

«Партияда жұмыс істегеннен кейін «Не деген қыз өзі? Шошаңдап би билеп жүр» деген әңгімеге қалармын деп шықпадым. Ол кезде партия қызметінде тәртіп қатты. Тұрдықылыш биге шақырды, мен ыңғайсызданып, бармағаным рас», – дейді Нурикамал Сейітжанованың өзі.

Ханбибі Есенғараеваның айтуынша, ол сол кезде жарының жан-дүниесінде өзгеріс болып жатқанын байқаған. Қайтар кезде ақын көлікте отырған әйелдерге арақ алып келуді тапсырған. Ішімдік ішпейміздерге жауабы мынадай болыпты:

«Арақ ішесіңдер. Бүгін Қазығұрттың шыңында бір махаббат туды» дедім. Бәрі іштей соны сезіп отыр, бірақ ешқайсы айтпайды. Мені аяп келе жатыр, қадамды өзім жасадым».

Кейін ән дүниеге келгеннен кейін Фариза Оңғарсынова Нурикамалды қонаққа шақырған. Бұл Тұрдықылыш пен Ханбибінің үйі екен. Сол кезде ол алғаш рет өзіне арналған әнді тыңдаған. Кейін екі отбасы өмір бойына жақсы қарым-қатынаста болған.

kznews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.