Әр туған балаға 2,5 миллион теңге: Қазақстандық оппозиция өкілдері билікке талаптарын қойды

0 216
Қазақстанда әр туған балаға бір реттік 2 жарым миллион теңге берілуі тиіс. Нұр-Сұлтанда бас қосқан оппозиция өкілдері осындай талапты қарар ретінде әзірлеп, билікке жіберді. Белсенділер еліміздегі кез келген балаға 18 жасқа дейін 42 500 теңге төленуі керек деген ұстанымда.

Жиналғандар ана мен балаға берілетін көмекті шығын емес, мемлекет қауіпсіздігінің кепілі деп қарастыру керек дейді. Ал белсенділердің билікке қойған талабы орындалмаса, олар халықты жинап бас көтеруге бекініп отыр.

Түркістан облысында тұратын Жәмила Шадманова — үкімет бекітіп берген мекенжай бойынша берілетін әлеуметтік төлемді дұрыс ала алмай отырғандардың бірі. Өйткені оңтүстіктегі бірнеше аудан мен ауылдық аймақта аналардың тиісті ақшасын бермей, әкімдіктегі мамандар құжатты дұрыс рәсімдемейтін көрінеді.

«30 213 мың теңге шыққан анаға қолына 19 мың теңге алған. АӘК-ті ендігі тоқсанда шығаратын болсаңдар, оның 10 пайызын бізге өткізесіңдер дейді екен», —  деді белсенді ана Феруза Сапар.

Оппозиция өкілдері мекенжай бойынша берілетін көмекті аналардың аушын басу үшін тағайындалған үкіметтің кезекті көзбояушылығы деп отыр. Өйткені соңғы кезде төлемнің бұл түрін алудың өзі барлық жерде қиындап кеткен. Бұған дәлел — өткен аптада ғана елордалық аналардың шерулеп министрлік алдына жиналуы. Жергілікті әкімідік бюджетінен берілетін бұл қаражат әркімнің қолына тиместен бұрын, оны алу үшін үш ай сайын құжат жинап дәлелдеуің қажет.

«Қазір неше түрлі толып жатқан бағдарламаларды алып тастау керек. Оның ішінде АӘК, бала қарағаны немесе туғаны үшін берілетін төлем. Мұның бәрі керек емес. Әр балаға 18 жасқа толғанша ай сайын 42500-ден беріліп тұру керек. Елімізде ақша бар», — деді қоғам қайраткері Әділет Ғабдулла.

Бұдан бөлек, белсенділер әр туған балаға ана капиталы ретінде 2,5 миллион теңге берілу керек дейді. Бұл баланың алаңсыз өмір сүруіне арналған кепілдіктің алғашқы жарнасы болмақ. Яғни, жаңа туған нәрестеге берілген қаражатты отбасы үйдің бастапқы жарнасы ретінде пайдаланып немесе болашақта баланың оқуы мен денсаулығына да қолданса болады. Белсенділердің айтуынша, ана мен баланың қауіпсіздігі — түгел ұлттың тыныштығы.

«Қазақстандықтардың саны көбеймейтін болса бұл біздің қауіпсіздігімізге келетін бір үлкен қауіп. Резолюцияда жазуымыз керек бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп», — деді тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев.

Жиналғандар Білім және ғылым министрлігінен мектеп бағдарламасын қайта қарауды да талап етіп отыр. Белді бекем буған белсенділер биліктен нақты жауап күтпек. Ал егер жоғарыдағылар үнсіз қалса сөзге құлақ асар көпті жинап атой салып алаңға шықпақ. Осылайша діттегенімізге жетпей қоймаймыз деген қазақстандық оппозиция өкілдері «естуші» билікке қалай да болса үндерін жеткізбек.

stan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.