АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарса, Орталық Азияның жайы не болмақ?

0 346

Былтыр ақпан айында АҚШ пен «Талибан қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған) өкілдері Доха қаласында кездесіп, біріншісі өз әскерін шығаруға, екіншісі ауған үкіметімен бейбіт ғұмыр кешуге уағдаласқан. АҚШ биыл 1 мамырдан бастап сарбаздарын Ауғанстаннан алып кетуді бастады. Бұл процесс Орталық Азия елдерін алаңдатып отырғаны мәлім. Себебі Батыс коалиция күштері бұл елден кетсе, онда 1990 жылдардағыдай «Талибан» қайта күшіне мініп, жендеттерін көрші елдерге жібермесіне кім кепіл?

Тұрақсыз Ауғанстан. 2001 жылғы 7 қазанда басталған әскери операция ресми түрде 2013-2014 жылдары аяқталды. Содан бері АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығарып келеді. Ауған соғысын абыроймен аяқтау президенттік сайлауға қатысқан кандидаттар­дың уәдесі болатын. Бірақ соғысқа соңғы нүктені Джордж Буш та, Барак Обама да қойған жоқ. Себебі Ауғанстандағы ішкі жағдай күрделі, «Талибан» қоз­ғалысы 2001-2003 жылдары ой­сырай жеңілгенімен, соңғы жыл­дары қайта күшейді. Қазір елінің біраз бөлігін бақылауына алған. CFR.ORG сайтының мә­лі­метінше, биыл «Талибан» өкілдері Ауғанс­тан территория­сының 19 пайы­зын, сайланған ресми ауған үкіметі 33 пайызын қарамағына алған. Қалған жерлер үшін екі тарап кү­ресуде. Сондай-ақ «Ислам мемле­кеті» (Қазақ­станда тыйым салын­ған) террористік ұйымы да шағын аумаққа билік ететіні белгілі. Қыс­қасы, бұл мемлекетте ортақ би­лік жоқ, азаматтық соғыс режи­мін­дегі ел десе, ағаттық болмас. Осындай жағдайға қара­май, АҚШ өз әскерін шығаруды жөн көрді. Себебі былтырғы Доха келісімі бар. Қазіргі жоспар бойынша бұл процесс 2021 жыл­дың 11 қыр­күйегіне дейін жал­ғасады.

Шешім өзгермейді. АҚШ-тың бұл қадамын жақында Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И сын­ға алды. Оның пікірінше, бұл бас­­тама аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп, ел ішіндегі бейбіт келісім процесіне зиянын ти­­­гізген. Қытай мен АҚШ ара­сын­дағы қыр­ғи-қабақ қатынасты ескерсек, Бей­жің Уашингтонның әр қадамын сынға алуға әзір. Алайда Ван И-дың сөзінде жан бар секілді. Себебі президент Ашраф Ғани басқаратын Ау­­­­ғанстан өз жерін бақылап отырған жоқ. Жергілікті үкімет НАТО және АҚШ әскеріне арқа сүйейтіні белгілі. Енді осын­дай шақта олардың Отанына оралуы Ауған­­стан үкіметін қиын жағдайға қал­дырады. «Талибан» қозғалысы қайта күшейіп, тер­риторияның ауқымды бөлігін өз қарамағына қайтарып алуы бек мүмкін. Ондай жағдайда, Батыс коалициясының 13 жылдай жүр­гізген әскери опе­­рациясының құ­ны қалмайды. 8 мамыр күні Еуропа елдері әскер шығаруда асықпауды сұраған. Алайда АҚШ президенті, де­мократ Джо Байден дегенінен қайтар емес. Жалпы, соғысты тезірек аяқтау Демо­­кратиялық партия қатарынан шық­­­қан пре­зиденттердің ұста­нымы деуге болады.

«Талибаннан» төнетін қауіп. Ал енді АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы Орталық Азия өңіріне қалай әсер етуі мүмкін? Ең ал­дымен, бұл қауіп екенін айтқан жөн. Қалай десек те, НАТО кон­тингенті қуатты әскери күш ре­тінде ауған жеріндегі түрлі тер­рористік топтарды, дала ко­­ман­дирлерін тұсаулап, арқасын кеңге жаюына кедергі болған басты күш саналып келді. Енді бұл рөлді жергілікті ресми үкімет және оның армиясы атқаруы міндет. Әрине, олардың әскери техника тұрғы­сынан жа­рақтануы, кәсіби шеберлігі НАТО әскерімен са­лыстыруға келмес. Сондықтан «Талибан» қайта күш жинаса, ертең жендеттері ірге­­сіндегі Тә­жікстан, Түрік­менстан, Қырғыз Респуб­­­ликасы, Өзбекстан, тіпті Қазақстанға да жетіп қалуы әбден мүмкін. Интернет кең та­рамаған 1990 жылдары экстремизм идеясы ауған жерінен шалғайдағы қазақ даласына жылдам жеткені есі­мізде, соңы терактілерге ұлас­ты. Көрші елдердегі экстре­мист­тер­мен қақтығыс та жады­мызда. Сон­­­дықтан өткен күннің қайғылы сце­нарийі қайталану қаупі жоқ емес.

Дохадағы келісімде «Талибан» қозғалысы жетекшісінің орын­басары Абдулла Ғани Барадар ау­ған жерінде шабуыл жасамау деген міндеттеме ғана алды. Әри­не, бұл міндеттемеге басқа терро­ристік топтарды қолдамау, қаржы­­­ландырмау, қаруландырмау, жен­дет бермеу, шетелге жібермеу, ақпа­раттық-діни үгіт-насихат жүр­­­­гізбеу деген тармақтар кірген жоқ. Сон­дықтан қозғалыс бұл бағытта еркін жұмыс істесе, олар ешбір құжат талаптарын бұзбаған са­налады.

АҚШ әскери базасын аша ма? Әрине, АҚШ та оңайлықпен кете қоймайды. Қаруының жартысын жергілікті армияға қалдырмақ, жөндеуге келмейтінін жоймақ. Бірақ қазір Уашингтон Орталық Азия елдерімен қызу келіссөздерді бастап кеткен сыңайлы. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Эн­тони Блинкен 23 сәуірде Орта­лық Азия елдері Сыртқы істер ми­нистр­лерімен онлайн кездесу өткізді. Мақсаты – осы өңірде әскери базасын ашып, жауын­герлерін қалдыру болар деп топ­шылаймыз. Яғни, шекараның арғы бетінен Ауғанстан үкіметін қолдайтын жоспары бар секілді. Алайда бұл ұсынысқа Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғыз Респуб­­­ликасы, Өзбекстан бас­шылығы келісе ме?

Бір жақты жауап айту қиын. 2001 жылдан кейін Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстан, Тә­­жікстан түрлі себептермен өз тер­рито­риясында НАТО әскерін орна­ластыруға келіскен болатын. Бі­ріне Батыстың саяси, қаржылай қолдауы қажет болса, басқасы ау­ған жеріндегі «Талибанды» жү­ген­дейтін қуатты күштің келуіне мүд­делі еді. Тек Қазақстан мен Түр­кіменстан өз жерінде әскери база беруге бас тартты. Бірақ «Сол­түстік тарату желісіне» қо­сылды. Алайда үш елдің АҚШ пен НАТО әскеріне шекарасын аш­қанына өңірлік державалар Ресей мен Қытай қуана қойған жоқ. Сон­дықтан көп өтпей Шанхай ын­­­тымақтастық ұйымы құрылып, Орталық Азия елдерінің басын біріктірді.

Қазір жағдай басқа. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы жұмыс іс­тейді. Құрамында Ресей, Қырғыз Республикасы, Армения, Бе­ларусь, Қазақстан, Тәжікстан бар. Осы ұйым­ның мүшесі бола тұра Орта­лық Азия мемлекеттері АҚШ әс­кери базасын өз жерінде ашуға рұқ­сат беруі қиындау сынды. Бірақ Өзбекстан ешбір ұйымға мүше емес. Яғни, Ресейдің ал­дында пә­лендей міндеттемесі жоқ. Оған қо­са, қазір экономикалық реформа жүргізіп жатқан Шавкат Мир­зиёевқа Батыстың кешенді қол­дауы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ үнемі қаржылай тар­шылық көретін Тәжікстан да Уашин­­гтонмен келі­сімге келуі ға­жап емес. Бір жағы, АҚШ әскері тәжік елінің қауіп­сіздік кепіліне айналуы мүм­кін. Екін­ші жағы, өз елінде, әлемде сая­си легитимдігі азайып келе жат­қан ақсақал басшы Эмомали Рахмонға Ба­тыстың қолдауы артық етпейді. Түркі­­менстан дәстүрлі бейтарап ұстанымынан айнымас. Ал Ресей­дің ең жақын серігі ретінде Қа­зақстан территориясын АҚШ әскеріне ұсына қоюы екі­талай. Оған қоса, мұндай шешім ішкі саяси тұрақтылыққа да кері әсерін тигізері, жаңа митингтерге ұласары әбден мүмкін.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.