Алты жыл алаңдатқан мәселе айға жетпей шешілді

0 264

Облыс орталығында соңғы жылдары салынған тұрғын үйлердің сапасы көпшіліктің көңілінен шықпай, сын садағына ілігіп жүргелі қашан. Бірінің қасбеті жауыннан жапырылып қалса, енді бірінің шатыры желге желкен болып жатыр. Айдың-күннің аманында балконы құлаған үйлерге де көпшіліктің көзі куә. Өз кезегінде мұндай жайттар мердігерлердің жауапсыздығын әшкерелеп, салғырттығын көрсетуде. Дәл осылай жеті жыл бұрын ел игілігіне берілген «Бәйтерек» ықшамауданындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілген сәттен бастап қасбеті қалықтап ұша бастаған. Ал шатырынан құлаған мұз шаңқай түсте ойын баласын мерт қыла жаздаған. Күні кеше алты жыл бойы жыр болып келген үйдің қасбеті облыс әкімінің тапсырмасымен қала әкімі тікелей қадағалап, небәрі жиырма бес күнде толығымен аяқталды.

Пайдалануға берілген сәттен берекесі қашқан тұрғындар бұл мәселені айта-айта шаршаған. Басым көпшілігі аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандардың үлесіне тиген үйдің жыры жиырма бес күнде бітеді деп тұрғындардың ешқайсысы ойламапты. Мердігердің жауапсыздығынан аталған ықшамаудандағы №36,37 үйлердің тұрғындары жеті жылға жуық жапа шегіп келгенін жасырмады.
– 2014 жылы қаңтар айында пайдалануға берілген сәттен бастап осы үйде тұрып келе жатырмыз. Сол кезден бері үйдің сыртқы қасбетіне қатысты мәселе туындаған болатын. 2015 жылы сәуірде үйдің қасбетін қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған еді. Десек те белгісіз себептерге байланысты жұмыс нәтижесіз қалып келді. Соңғы жылдары пандемияға байланысты да жұмыс тоқтап қалды. Мердігері әртүрлі жұмысшыларды алып келіп жүрді. Дегенмен нәтиже болған жоқ. Осы уақыт ішінде күшті дауылдың екпінінен үйдің қасбетін де жел ұшырып кетті. Бірақ жауаптылар 25 күнде жұмысты аяқтады. Енді біздің үйдің шатырын қалыпқа келтіріп берсе екен деген талап-тілегіміз бар. Бұл қасымыздағы 37-үйге де қатысты жайт. Өткен қыста шатырымыздан мұз құлап, есік алдында ойнап жүрген бір балаға зардабы тиді. Құдай сақтап, мектеп жасындағы оқушы жан сақтау бөлімінде емделіп, дін-аман қалды. Мұнда басым көпшілігі аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған жандар тұрады. Қиын кезде талап-тілегімізге құлақ асып, үйіміздің қасбетін жылдам әрі сапалы жасап бергені үшін облыс және қала басшылығына алғыс айтамыз, – дейді «Бәйтерек» ықшамауданындағы №36 үйдің тұрғыны Ранохан Кенжеханова.
Шынтуайтында, облыс басшысы тарапынан пандемия кезінде құрылыс жұмыстарына шектеу болмағаны, керісінше елдің экономикалық иммунитетін қолдау мақсатында бұл жұмыстарға қарқын талап етілгені белгілі. Бұл туралы көпшілік бұқаралық ақпарат құралдарынан қанық. Десек те осы үйдің мердігері пандемияны сылтауға айналдырып, ісіне салғырт қараған. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтің айтуынша, бұл үйлердің мердігері жұмысқа ала шапанды ағайындарды тартқан екен. Карантин күшейгенде өзбекстандық ағайындар шекарадан өте алмай, іс нәтижесіз қалған.
– №36,37 үйлер 2014 жылы пайдалануға берілген. Алайда осы екі үйдің жобалық құжаттамасына сәйкес, бұл үйдің шатыры тура аулаға, яғни әр кіреберістің үстіне жабылған болатын. 2017 жылдан бастап аталған үйдің тұрғындарынан бірнеше рет шағым түскен болатын. Себебі шатырдың қиылысатын бөліктері дұрыс жабылмаған. Осының салдарынан жаңбыр, қар жауғанда бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін үйді су алады. Сондай-ақ осы екі үй әуежайдан кейінгі жазық даладағы желдің өтінде болғандықтан сыртқы қасбеттері түсіп қалған. Әу баста үй пенопласт, пеноплэкспен қапталып, сыланған. Сол шағымдарды ескере келе, былтырғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында осы екі үйге жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Онда ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында үйдің сыртқы қасбетін жаңарту қарастырылған болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы аталған үйді «СКН-СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды. Бірақ бүкіләлемдік пандемияға байланысты мердігер тартқан өзбекстандық азаматтар келе алмай қалды. Осылайша жұмыс уақытылы бітпеген. Бірақ қаржыландыру уақытылы беріліп отырған. Былтырдан бері бес-алты бригада ауысқан. Олар да жұмысты нақты аяқтамаған. 2020 жылы аталған мердігер ұйым бізге 25 желтоқсанға дейін жұмысты толық бітіреміз деп кепілдік хат берген болатын. Алайда күннің суытуына байланысты жұмыс тағы кейінге қалдырылды. Екінші мәрте біздің тараптан ескерту берілгенде мердігер ұйым тағы да кепілдеме хат берді. Онда жұмыс толық 15 ақпанда аяқталады деп көрсетілген. Бірақ бөлім тарапынан бақылау жүргізгенімізде жұмыс сол қалпы жалғаспай тұрғаны анықталды. Осыған орай сотқа жүгіндік. Нәтижесінде мердігер ұйым істі 25 күнде аяқтап отыр. Енді бұл үй тұрындары төбе жабындысын жаңалау мәселесін көтеріп отыр. Қазір шатырдың қажетті үлгілері қаралуда. Ол жергілікті бюджет есебінен болмақ, – дейді Ғазиз Нұрланұлы.
Сондай-ақ бөлім басшысының мәліметінше, мердігер тарапынан құрылыс көлемі дұрыс есептелмепті. Яғни екі үйдің құрылыс аумағы 7 мың шаршы метрді құраса, сметалық құжат бойынша ол 6 300 шаршы метрмен шектелген. Сонымен қатар жұмыстың кешеуілдеуіне карантин кезіндегі құрылыс материалдарының қымбаттауы да себеп болыпты.

Нұржан Қадірәлі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.