Алғыс айту күні айрықша аталып өтті

0 426

  Алғыс айту күнін жамбылдық жұртшылық «Көне Тараз» тарихи және этномәдени кешенінде ерекше көңілмен қарсы алды. «Ынтымағы жарасым тапқан, туған өлкем – Қазақстан!» атты мерекелік шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікті дүбірлі мерекемен құттықтады.

– Құрметті қонақтар, қадірлі жерлестер. Қазақта ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан қасиет, өсиет деген секілді құны қымбат өнеге бар. Ол – бауырмашылдық, мейірбандық, достық ұғымы. Неше түрлі қиын заманды бастан өткерсек те, яғни бір кезде ел ішін жұт жайлаған ашаршылық нәубеті, ұлт зиялыларын қынадай қырған қуғын-сүргін, кешегі зұлматты жылдардың бірі Ұлы Отан соғысы кезінде де қазақ халқы кең құшағын тарылтпай, өзінің бір үзім нанын өзге ұлт өкілдерімен бөлісіп жеген. Сондықтан біздің ендігі негізгі міндетіміз – ата-бабамыздан қалған асыл өсиетті әрмен қарай жалғастырып, елімізде достықтың, ынтымақтың бейбітшіліктің салтанат құруын қамтамасыз ету.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз – Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген сара саясатының бірі көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болатын. Егер қандайда бір мемлекетте тұрақтылық пен бейбітшілік болмаса, онда сол елдің дамуы мен болашағы қиындайды. Біздің қазақ елінің осы 30 жылдағы жеткен жетістіктері, табысы осы ынтымақ пен берекелі бірліктің арқасы. Негізінен Алла тағала әр нәрсені адамның пейіліне, ниетіне сай береді. Сондықтан ниетіміз таза болса, бір-бірімізді әрқашан қолдап жүрсек, онда біздің ұлт, біздің мемлекет әрқашан биіктен көрінеді. Ең негізгі парызымыз қазақ ұлты мемлекеттің негізін қалаушы, мемлекет құрушы ұлт болғандықтан, біз қасымыздағы ғасырлар бойы бірге тұрып келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне әрқашан үлгі болып, жол көрсетіп, бірлікті қамтамасыз етіп, мемлекеттің дамуы үшін еңбек етуіміз керек.
Барлықтарыңызды бүгінгі көктемнің алғашқы күніндегі «Алғыс айту күні»мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, құт-береке, елімізге тыныштық, татулық, бірлік тілеймін! – деді Бердібек Машбекұлы.
Мерекелік жиында Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та сөз алып, өзінің жүрек жарды лебізімен бөлісті.
-Тараз топырағына табаным тиіп, айтулы мерекені жерлестеріммен бірге қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүкіл қазақ жерін, оның ішінде Әулиеата өңірін жайлаған ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне білдірген алғыс айту лебізіне куә болу көрінісі мені ерекше сезімге бөледі. Осы орайда бүкіл өнер адамдарының атынан барлығыңызды осынау дүбірлі мерекемен құттықтаймын. Достық, ынтымақ, татулық бұдан әрі де беки түсуіне тілектеспін – деді Тұңғышпбай Жаманқұлов.
Бұдан кейінгі тілек-ниет тізімін облыстық «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, облыстық «Барбанк» күрділер ассоциациясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов жалғап, мерекелік лебізі мен хазақ халқына деген алғысын білдірді.
Бірлік пен береке, татулық пен ынтымақ атты ұғымға қатысты таным-түсініктің ерен үлгісі паш етілген жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филормония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені аумағында әртүрлі өзге ұлт өкілдерінің шатырлары тігіліп, жұртшылыққа достық дастарханы ұсынылды. Мерекелі шара негізінде қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, және ордабасы секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Алғыс айту күніне арналған театрландырылған қойылым ұсынылды.

Н.Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.