Әлеуметтік мәселе басты назарда

0 103

Бейсенбі күні аудан басшысы Рүстем Дәулет тікелей эфир арқылы Қордай ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша брифинг өткізіп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі мен төтенше жағдай кезінде көрсетілген әлеуметтік көмектер турасында аз кем ақпарат берді.

Жалпы, аудан бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында биылғы жылға 1,7 млрд теңге қаражат бөлінгенін әлеуметтік желі қолданушылары алдында алға тартқан Рүстем Рысбайұлы 2020 жылдың 1 тамызына дейін бағдарлама аясында 3195 азамат көмекпен қамтылып, жоспар артығымен орындалғанын тілге тиек етті. Демек, мемлекеттік бағдарламаның шапағатын сезінген үш мыңнан астам аудан тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр.

Сонымен қатар, бағдарлама-ның 1-ші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 39,4 млн теңге қарастырылып, бүгінгі таңда 168 жұмыссыз азамат оқу курстарына жолданды. Айта кетсек, жоспар 8 адамға артығымен орындалған. Сондай-ақ, 17 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ал, бағдарламаның 2-ші бағыты бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, аудан көлемінде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы 230 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделсе, бүгінгі күнде 120 азамат кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, тиісті сертификатын алған. Сондай-ақ, өз-ісін ашуға ниет білдірген 70 азаматқа оқу курстарына жолдама беріліп жоспар 100% орындалды.

Осы тұста аудан әкімі Р.Дәулет бағдарламаның шапағаты аясында өз ісін ашуға, қолда бар кәсібін кеңейтуге ниет білдірген жандардың жайына жекелей тоқталды. Мысалы, 2020 жылы кәсібін дөңгелетуге ниет танытқан 150 азаматты шағын несиемен қамту мақсатында 575,2 млн теңге қаражат бөлінсе, олар бүгінгі таңда үміткер ретінде құжаттарын тапсырып, 65 азамат 264,6 млн теңге сомасында шағын несиемен қамтылған (оның ішінде: «Ауыл шаруашылық қолдау қоры» арқылы 62 азамат жалпы сомасы 244,8 млн теңге, «Қордай» несие серіктестігі арқылы 2 азамат жалпы сомасы 15 млн теңге және «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы 1 адам жалпы сомасы 4,8 млн теңге шағын несиемен қамтылды). Ал, қалған 75 азаматтың құжаттары қаралу үстінде.

Сонымен қатар, аудан басшысы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында мемлекеттік грант алуға Қордай ауданы бойынша 390 азаматқа жалпы сомасы 206,7 млн теңге қаражат бөлініп, жоспар 100 % орындалғанын атап өтті (мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілген азаматтардың ішінен 52 азамат көпбалалы отбасыдан болса, 213 адам аз қамтылған отбасыдан, 75 адам 29 жасқа дейінгі жастар, 38 адам жұмыссыздар және 12 адам мүгедек азамат болып табылады).

Осы ретте бағдарламаның 3-ші бағытына тоқталған Рүстем Рысбайұлы ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі бойынша құрылған жұмыс орындарының жайын жіпке тізді. Атап айтсақ, ауданымызда азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтуға республикалық және жергілкті бюджет есебінен 691,1 млн теңге қарастырылып, аудан аймағын санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына 1669 азамат жұмылдырылған (жоспар 69 адамға артығымен немесе 104,3% орындалды).

Ал, жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында жастар тәжірибесіне 174,7 млн теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 180 азамат (айлық жоспар 170 азамат) жастар тәжірибесіне жолданып, жоспар 10 адамға артығымен немесе 105,8% орындалды. Олардың ішінен 13 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына 100 адамға 15,8 млн теңге қарастырылып, жоспар 16 адамға артығымен немесе 116% орындалды. Мұнымен қатар, Қазақстанның солтүстік аумақтарына қоныс аудару бойынша жоспар жыл соңына дейін 23 отбасы 92 адам белгіленген. Бүгінгі таңда 5 отбасынан 16 азамат қоныс аударып үлгерді.

Осылайша әрбір мәселеге егжей-тегжей тоқталып, бағдарламаның әрбір бағытына ден қойған Р.Дәулет брифинг барысында атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу және төлену барысын назарынан тыс қалдырмады. Аудан басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы Қордай ауданында 1316 отбасы немесе 6591 азаматты мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бас-аяғы 960,1 млн теңге қарастырылған. Ал, қазіргі таңда аудан бойынша 877 отбасыға немесе 4850 адамға 253,8 млн теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек берілген. Сонымен қатар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың ішінен 1628 баланы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 103,3 млн теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 1233 бала жалпы сомасы 38,9 млн теңгеге әлеуметтік топтамамен және тұрмыстық химия құралдарымен қамтамасыз етілді.

Брифингтің қорытынды бөлігінде аудан әкімі төтенше жағдай кезеңінде көрсетілген әлеуметтік көмек мәселесін де айналып өтпеді.

-Аудан бойынша төтенше жағдай кезінде қызметінің шектелуіне байланысты кірісінен айырылған 37924 азаматқа әлеуметтік төлем алудың 1-ші кезеңі бойынша жалпы сомасы 1611,7 млн теңге әлеуметтік төлем төленсе, 2-ші кезең бойынша 22816 азамат 969,6 млн теңгеге әлеуметтік төлеммен қамтылды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде халықтың осал тобына жататын азаматтарды азық-түлік себетімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 191,9 млн теңге қарастырылды. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 8846 азамат наурыз, сәуір, мамыр және шілде айларында 142,8 млн теңгеге азық-түлік себетімен қамтамасыз етіліп, жоспар 100% орындалды. Одан бөлек тамыз айына 49,1 млн теңге қаражат қарастырылып, аталған азаматтар азық-түлік себетімен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимінде 7 санатқа жататын азаматтардың коммуналдық төлемдерін өтеуге республикалық бюджеттен 462,4 млн теңге қарастарылған. Сәуір, мамыр айларында 7706 адамға 231,1 млн теңге, шілде айында 3000 адамға 90,0 млн теңге төленді. Ал, қыркүйек айында 4706 адамға 141,1 млн теңге төлеу жоспарланған. Бүгінгі күнге олдардың есеп шоттарын анықтау жұмыстары жүргізілуде, – деген Р.Дәулет аудандағы демеушілік мәселесі де тура жолға қойылғанын атап өтті.

Айтар болсақ, төтенше жағдай кезеңінде халықтың осал топтарына мемлекеттік қолдаумен қатар, демеушілер мен жеке кәсіпкерлердің де көмегі зор болды. Мысалы, ауданда 1939 отбасыға (9307 адамға) 18,6 млн теңгеге азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетіліп, аудандық ауруханаға кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары тарапынан жасалған демеушілік көмек те індеттің алдын алу зор септігін тигізіп отырғанын айта кеткен жөн.

Осылайша, маңызды әлеуметтік мәселелердің мән-жайы ағынан ақтарылған брифинг соңында тұрғындар әлеуметтік желі арқылы аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын ала алды. Осы ретте, аудан әкімінің тікелей эфирде әлеуметтік желі арқылы өтетін брифингтері әр бейсенбі сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын естеріңізге саламыз.

Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.