Айырмен шанышқылап, топ адамға оқ атқандар кім? – Қордай қақтығысының күдіктілеріне үкім шықты

0 384

Қордай оқиғасына қатысты Жамбыл облыстық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған үкімге жекелей тоқталсақең ауыр жазаны Джумахан Ботасов арқалап отыр. Ол бір топ адамға мылтықпен оқ атып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 адам жараланғаны үшін оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Ал сотталушы Медет Тоқабаев бір топ адамды көлігімен қасақана қағып, нәтижесінде жәбірленуші Күйіров оқиға орнында көз жұмып, 3 адам тағы зардап шеккені үшін оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белігіленді. Дәл осы іспетті қылмыстар жасағаны үшін Мәрлен Кәрібаев 16 жыл 6 ай, ал Мақсат Сұлтанаев 17 жыл арқалады.

Сотталушылар Щимар Сангуй мен Юбур Чишанло бір топ адам болып қасақана адам өлтіргендері үшін 16 жыл 6 ай бас бостандықтарынан айырылды. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, аталған күдіктілердің бірі жәбірленушінің кеудесінен айырмен ұрса, екіншісі темірмен басынан соққылаған. Ал жабылып ұрған Ислам Гимуров, Исмар Хижов және Мухарме Хожовтың әрекеті адам өлтіруге апармады деген байлам жасалып, олар жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бап бойынша 5 жылға сотталды.

Тағы бір жәйтті айтсақ, сотталушы Эрса Дауров полиция қызметкерлеріне жаппай тәртіпсіздікті тоқтату барысында оларға қаратып оқ атқан. Нәтижесінде 4 тәртіп сақшысы жарақат алған. Оған полиция қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық жасағаны үшін және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасовтың сөзіне сүйенсек, бұдан бөлек, бір адамға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, атыс-қарумен заңсыз әрекеттерге, кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Тағы бір сотталушыға тонау, адамдардың алдында сөз байласу, аса ірі мөлшердегі қарақшылық шабуылға, суық қарумен заңсыз әрекеттерге қатысқаны жөнінде айып тағылып, ол 11 жылға абақтыға айдалды. Сондай-ақ тағы бір күдікті жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, аса ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталып отыр.

Бұдан бөлек, 9 адам жаппай тәртіпсіздіктерге шақырып, қатысқаны және бөтен мүлікті ұрлағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылса, 31 адамға жаппай тәртіпсіздікке шақырып, оған қатысып, тұрғын үйлерге заңсыз кіру жолымен бөтеннің мүлкін ұрлағаны, алайда кейбірінің келтірілген залалды өтегені үшін 5 жылдан 6 жылға дейін шартты түрде жаза кесілді. Нақтырақ айтсақ, 24 адамға шартты түрде жаза тағайындалса, 7 адамның бас бостандығы шектелді.

Міне, осылайша Қордай қақтығысына қатысы бар делінген 51 күдіктінің үкімі шығып, тек Исмар Ушировтің кінәсі дәлелденбей, ол ақталып шықты. Енді сотталушылар сот үкімін 15 тәуліктің ішінде апеллияцияға бере алады. Егер олай етпеген жағдайда сот заңды күшіне енеді.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.