Аймақта қылмыс деңгейі төмендеді

0 295

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының отырысында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, 2018-2020 жылдары өткен сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың қорытындылары қаралды.

Облыс әкімі атап өткендей, есепті кезеңде жалпы қылмыс саны 7,8 пайызға төмендеген, алайда кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім тіркелген. Айталық, есірткі қылмысы 64 пайызға, алаяқтық – 82 пайызға, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар көрсеткіші 39 пайызға артқан.

– Жастардың қатысуымен орын алатын оқиғалардың қайталанып отырғандығы алаңдатады. Бұл ретте мектептер мен оқушылардың ата-аналарының бірлескен жұмысының әлсіздігі айқын байқалады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметовтың айтуынша, бірінші тоқсанда 196 есірткі қылмысы жасалған, 154 килограмнан астам тыйым салынған заттар тәркіленген. Жастар арасында 117 алдын алу іс-шаралары, атап айтсақ дәрістер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілген. Есірткіні жарнамалайтын 14 сайт бұғатталып, 250 граффит-жазулары жойылған. Шу алқабына келетін болсақ, Нұржан Қалметов 1989 жылы жасалған жабайы сораның өсу картасын жаңартуды ұсынып, арнайы техника мен дрондарды сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Көптеген марихуана жеткізушілер қиын соқпақтарда атпен кесіп өтуді жөн көреді десек, бұл оларды қолға түсіруді қиындатуда.

Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қылмыстың ашылу деңгейі жоғарылағанын баса айтты. Шөлдала массивінде полиция тірек пункті құрылып, оның штаты тәжірибелі офицерлермен күшейтілген.

– Әсіресе Мойынқұм аймағындағы заңсыз кеншілерді анықтау жұмыстарын күшейту керек. Бағалы металдар контрабандасына нық тосқауыл қойылуы қажет, – деді облыс әкімі.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқарма басшысы Дәурен Райымқұлов айыппұлдарды өндіру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі туралы баса айтты. Егер 2016 жылы ЕРАП енгізілгенге дейін әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу 32 пайызды құраса, жаңа жүйенің көмегімен 2017 жылғы көрсеткіш екі есеге, 67,6 пайызға дейін өскен. Жыл басынан бері 784 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салу туралы 52,3 мың қаулы шығарылған. Оның 514 миллион теңгесі немесе 65,5 пайызы өндірілген.

Баяндамасын қорытындылай келе Дәурен Райымқұлов әкімшілік айыппұлдарды өндіруді уәкілетті органдардың, оның ішінде аудан әкімдерінің қызметін бағалаудың негізгі индикаторларының бірі етуді ұсынды. Ал полиция құқық бұзушылардың жұмыс орнын белгілеу және жалақыдан айыппұлдарын өндіріп алу үшін құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесінің мүмкіндіктерін барынша пайдалануы қажеттігі айтылды.

– Айыппұлдардың негізгі бөлігі жергілікті бюджетке түседі және облыстың игілігіне жұмсалады. Сондықтан айыппұлдарды өндіруді аудан әкімдерінің қызметін бағалаудың басым индикаторларының тізіміне енгізу туралы ұсынысты қарастырған жөн. Мүмкін, тіпті арнайы рейтинг жүйесін енгізерміз. 65 пайыздық деңгейді көтеру керек. Барлық айыппұлдар өндірілуі тиіс, әйтпесе олар неге салынады? – деді облыс әкімі.

-Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Талас аудандарында қылмыстың жекелеген түрлерінің деңгейі өсуде. Жауапты құрылымдар қажетті шараларды қабылдауға міндетті, – деді аймақ басшысы.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, бірінші тоқсанда 24 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға аз. Шығын 65,1 миллион теңгені құрап, оның 58,7 миллион теңгесі өндірілді. Ведомство өз қызметіндегі басты назарды алдын алу жұмыстарына   аударуда.

Жалпы, 2015-2025 жылдарға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия аясындағы 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аяқталды. Десек те, кеткен кемшіліктер де жоқ емес. Айталық, Талас ауданындағы сервистік әкімдік нақты іс жүзінде жұмыс істемей келген. Халыққа қызмет көрсетуге арналған залдардың жай-күйі сын көтермейді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша ақпараттық топтардың жұмысы әлсіз, кейбір жерде ондай топтар мүлде құрылмаған. Олардың құрамындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері санаулы ғана. Мемлекеттік сатып алу, жер телімдерін беру және әлеуметтік көмек көрсету салалары сыбайлас жемқорлыққа аса бейім бағыттарға жатады. Әділхан Әшірбаев лауазымды тұлғалардың атқарылған жұмыс актілеріне қол қоюына ішкі аудит қызметінің бақылауын күшейтуді, жер комиссияларының отырыстарын аудио және бейнежазбалар арқылы өткізуді, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен беру процесін автоматтандыруды ұсынды.

Аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа бірден бес қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысын жеке назарға алуды тапсырды. Бұл Т.Рысқұлов және Талас аудандарының әкімдері Ерболат Садырқұлов пен Бақыт Қазанбасовқа да қатысты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа шаруалардың мемлекеттік субсидияларды жыл сайын бір шаруа қожалықтар алады деген шағымдарын жіті қарау жүктелді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке емханалар мен ауруханалардағы жағдайды түзету, емдеуге жатқызу бюросының жұмысын жақсарту тапсырылды. Transparency International халықаралық ұйымының қорытындысына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғарылағаны байқалған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағдайлар туралы баяндады.

Облыстық мәслихат депутаты, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің төмендеуінің басты себебі – сыбайлас жемқорлық екенін атап өтті. Оның пікірінше, барлық басқармалар мен департаменттерде алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Айталық, ТИГУ-нің студенттер үйінде парасаттылық дүкені ашылып, студенттер арасында оның танымалдылығы арта түсіпті. Жастар сенім, адалдық және парасаттылық сияқты адами құндылықтарді бойға сіңіруде. Сонымен қатар, халық қалаулысы құқық бұзушылық жасаған шенеуніктерді қызметінен босатуды, ал мониторингтік топтардың құрамына депутаттарды қосуды ұсынды.

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жұбандықова жергілікті колледж түлектерінің шамамен 15-20 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмыспен қамтылатынын тілге тиек етті. Дегенмен, бұл көрсеткішке тек телефон арқылы және жасырын түрде жүргізілген сауалнама мәліметтері негіз болған десек, ол қаншалықты сенімді ақпаратқа жатады?

Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков мұндай сауалнамалардың нәтижелері ресми құжаттар болып табылмайтынын атап өтті. Оларды ресми статистикамен салыстыру, сондай-ақ олардың негізінде қорытынды жасау мүмкін емес.

– Адамдар өздерін қауіпсіз сезінулері керек. Билік органдарының басты міндеттерінің бірі – қылмыс деңгейінің өсуіне жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерімен күресу. Азаматтық сектор өкілдерін түрлі комиссиялар мен мобильді топтарға көбірек тарту қажет. Мемлекеттік қызметтегі бос лауазымға таңдалатын үміткерлер қатаң іріктеуден өтуі маңызды. Ең алдымен моральдық-этикалық өлшемдерге сәйкес болуы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.