18 жастағы бозбала алаяқ болып шықты

0 217

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны интернет-алаяқтың арбауына түсіп, 888 мың теңгесінен айырылды. Полицейлер күдіктіні анықтады, ол – Қостанайдың 18 жастағы тұрғыны болып шықты.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыз айында Қызылжар ауданының полиция бөліміне Прибрежное ауылының тұрғыны арызданған. Ер адам интернет-алаяқтың арбауына түскен.

Айтуынша, ғаламторда «Toyota Highlander» автокөлігін 1 млн теңгеге сатып жатқан хабарландыруды көреді. Тиімді ұсынысты қалт жібергісі келмей, көлікті сатып алу үшін «сатушының» айтуымен 350 мың теңге алдын ала төлем жасайды.

Ауыл тұрғыны 2020 жылдың желтоқсанында ақшаны жіберген, кейін түрлі рәсімдерге ақша қажет деген соң, үстінен қосып тағы аударған. Шығын сомасы 888 мың теңгені құраған.

Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті – Қостанай қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталды.

«Естеріңізге саламыз: ғаламторда сауда жасаған кезде, сақтық танытқан жөн. Күмәндансаңыз, алдын ала төлем жасауға келіспеңіз. Алаяқтардың құрбанына айналуыңыз әбден мүмкін. Ғаламтор арқылы қаржы операцияларын жасаған жағдайда қырағылық танытуды сұраймыз», — дейді Қызылжар ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Пётр Климов.

Сондай-ақ, полицейлер қандай жағдай да, бөгде адамдарға жеке және қаржылық мәліметтеріңізді айтпауға, жеке құжаттарыңыз бен банк карталарыңыздың суреттерімен бөліспеуге кеңес береді

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.