14 жастағы астаналық 20-қабаттан құлады. Желіде тағы бір күмәнді ойын туралы айтылып жатыр

0 18
Нұр-Сұлтанда 20-қабаттың балконынан 14 жастағы жасөспірім құлап түсті. Оқиға болған кезде оның анасы үйде болған. Бұл туралы астананың Полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты.

Қайғылы оқиға туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында хабарлады. Ол оқиға орнынан видео салып, бұл жайт «Триумф Астаны» тұрғын үй кешенінде болуы мүмкін деп болжаған.

«Астанада «Көк китке» ұқсас жаңа ойын пайда болды деген қауесет тарады — белгілі бір деңгейден өту үшін қандай да бір тапсырмаларды орындау керек, бірақ ойыншы өзіне қол жұмсау туралы бұйрық та алуы мүмкін», — дейді журналист.

Полиция департаментінің өкілдері 29 мамырда сағат 23.18-де Есіл ауданының полиция бөлімшесіне Қабанбай батыр даңғылында 20-қабаттың балконынан кәмелетке толмаған бала құлап кеткені туралы хабар түскенін айтады.

«Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Оқиға кезінде 14 жастағы жасөспірімнің анасы үйде болған. Жасөспірімнің жеке компьютерін алып тексеру кезінде суицид бағыттағы сайт немесе ойын ойнамағаны анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», — деді баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, осыған ұқсас жайт 22 ақпанда да болған еді — 14 жастағы жасөспірім 16-шы қабаттан құлап түсті. Бұл туралы NewTimes хабарлады.

Былтыр 143 жасөспірім суицид жасаған. Кәмелетке толмаған тағы 306 бала өзіне қол жұмсамақ болған. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева наурызда жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауына Желідегі кибербуллинг себеп болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.