1 144 жазасын өтеуші ақылы жұмыстарға тартылған

0 146

Бүгінгі таңда өзіндік ерекшелігі көп Қылмыстық-атқару жүйесі саласында шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Соның бірі – сот үкімімен кінәлі деп танылған жазасын өтеушілерді ақылы жұмыспен қамту. Осылайша, оларды қоғамға бейімдеу әрі мемлекет пен жәбірленуші алдындағы талап-қарыздарын жабуға жәрдемдесу. Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші 1 144 адам ақылы жұмыстарға тартылған. Олар мекемелер аумағында орналасқан 38 жеке кәсіпкерліктерінде және халық тұтынатын тауарлар шеберханасында түрлі бұйымдар жасайды. Департаменттің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы, әділет подполковнигі Аймен Тайтелиеваның сөзінше, шағын және орта бизнес өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас орнату арқылы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге болады. Тек жан-жақты қолдау және мүдделік таныту қажет.

— Түзеу мекемелеріндегі еңбек дағдысы – болашақтағы табыс кілті. Оның үстіне, сотты болғандар бостандыққа шыққан соң, табыс көзін іздейтіні белгілі. Демек, оларды жұмысқа орналастыру мәселесіне жазасын өтеп жүрген сәттен бастап көңіл бөлген дұрыс. Жасыратыны жоқ, қанша жерден Үкімет жағдай жасаса да, сотталған адамды жұмысқа қабылдамайтын мекемелер өте көп. Бір жағы оларды да түсінуге болады. Қорқады, сескенеді. Сол себепті, біз жазасын өтеушінің ебі бар жұмыс кәсіпке айналдырып, еркін өмірде бизнес жасауына қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Осы ретте, жеке кәсіпкерлерді түзеу мекемелерінің аумағында жұмыс істеуге шақырамыз. Біле білген адамға бұл ұтымды болмақ. Өйткені, өз жұмысын түзеу мекемесінде бастаған кәсіпкер еңбекке жарамды жазасын өтеушіге көп қаражат төлемейді. Бастысы, екі қолға бір күрек тапқысы келетіндер аз емес, — дейді Аймен Ақылбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.